«Алжирде» дәрігер болған М. Қазыбекованың туғанына биыл 120 жыл
«Алжир» лагерінің тұтқыны және дәрігері болған Мағрифа Қазыбекованың туғанына биыл 120 жыл.
Ол жоғары санатты маман ретінде бірқатар шәкірт тәрбиелеп шығарды. "КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі" орденімен марапатталған. "Қазақ КСР-на еңбегі сіңген дәрігер" деген құрметті атақ иесі. Айтулы датаға орай, Мағрифа Қазыбекованың немересі Зәуре Оспанова бүгін Ақмола облысы, Ақмол ауылындағы музей қабырғасында шағын көрме өткізді. Жеке қорындағы тың деректермен және әжесінің естеліктерімен бөлісті. Танымдық шара саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында ұйымдастырылды. Көрмеге марқұмның туыстарымен бірге Жапонияның Қазақстандағы елшісі Джун Ямада да қатысты.
Зәуре Оспанова, М.Қазыбекованың немересі, медицина ғылымдарының кандидаты:
- «Алжир» музейі қызметкерлерінің арқасында осы көрмені өткіздік. Саяси қуғын-сүргінге тап болған жандардың қиыншылығын біз тіпті елестете де алмаймыз. Әжеміздің кейбір естеліктері мен сырларын маған марқұм анам айтып отыратын. Қиын қыстау кезеңде тағдырлас адамдар бір-біріне көмектесуден жалықпаған. Қазіргі жастар осыны түсінсе дейміз.
Джун Ямада, Жапонияның Қазақстан республикасындағы елшісі:
- «Алжир» лагерінде бір ғана жапон әйелі тұтқында болған және ол қамаудан тірі шыққан. Өкінішке қарай, бізде толық ақпарат жоқтың қасы. Ал жалпы соғыс жылдарынан кейін Қазақстан аумағында Жапония азаматтары жиі тұтқындалған. Әсіресе әскери тұтқындардың салған нысандары әлі күнге дейін сақтаулы.