Ұлытау облысындағы Жошы кешеніне жол түседі
Ұлытау былтыр Жошы хан кесенесін айналдыра көркейтіп тұтас кешен тұрғызған еді.
Биыл Жезқазған маңындағы осы орталыққа тақтайдай жол түспек. Бұл жол әйгілі Алашахан кесенесі Жошының мазарын жалғайды.
Сәтін салса, қасиетті мекендегі Хан ордасы мен Әмір Темірдің аяғы тиген Алтыншоқыға да көлік мінген жұрт қиналмай жетуге тиіс. Президенттің пәрменімен қолға алынған жоба өңірде туризм саласын дамытуға жол ашады.
Ұлытау даласында республикалық маңызға ие 12 тарихи-мәдени кешен бар. Солардың бірі де бірегейі Жошы хан кесенесі. Айналасына үлкен кешен тұрғызылып, Президент жанындағы Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өткелі мұнда келуге ниеттілер қатары тіптен артты. Сәтбаев-Малшыбай-Домбауыл-Жошыхан бағытындағы мына жол сол туристер үшін салынып жатыр.
Жомарт Бегаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Бұл негізінен Президенттің тапсырмасына сәйкес, именно туристерге арналып салынып жатқан жол. Бұл жерде Жошы хан мен Алашахан кесенелерінің ортасын қосу мақсатында.
«Жолдың негізгі табаны өткен жылы төселген. Қазір геотекстиль қатталып жатыр. ылғал өткізбейтін отандық өнім жол сапасын екі есе арттырады»,- дейді мамандар. Ал одан әрі үш қабатты асфальт жамылғысы түсетін болады.
Жалпы ұзындығы 20 шақырым жол бойына 1 көпір мен 20 – дан астам су өткізу құбырлары салынады. Жоба республикалық қазынадан қаржыландырылады. Құны 6,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстары үш жылға жоспарланған. Дегенмен, сметалық құжаттарды қайта нақтылауға жіберген жоба авторлары қаржыландыру мәселесі шешілсе жыл соңына дейін жоспарды толығымен орындауға ниетті.
Әнуар Дәрібеков, мердігер компания өкілі:
- Құрылыс басында 60-тан астам адам жұмыс істеп жатыр. 49 техника жұмылдырылған. Әзірге жолдың ортаңғы қабаттары төселеді. Егер қаржыландыру мәселесі шешілсе құрылыс жұмыстарын биыл жыл соңына дейін аяқтаймыз.
Жол құрылысы тарихи кешен басындағы қызмет көрсету ісіне кедергі емес. Мамырдың 1-нен бастап туристік маусым басталып кеткен. Осы аралықта бұл жерге 2 мыңнан астам адам саяхаттап келген. Ал былтырғы маусымда 23 мың отандық және шетелдік турист аялдаған. Сала мамандары жол құрылысы аяқталған соң саяхатшылар нөмірі еселеп артатынына сенімді. Облыста бұдан бөлек Хан ордасы, Алтыншоқы тарихи орындарына жол салу жұмыстары да қолға алынған.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева