Орал мен Бәйтерек ауданында 42 кәсіпкерге жалға берілген жер өзге мақсатқа пайдаланылған
Орал қаласы мен Бәйтерек, Ақжайық аудандарында жалпы аумағы 11 мың гектарды алып жатқан 23 жер телімі тиісті конкурс, аукционсыз берілген.
Бұл туралы облыстық коғамдық кеңес жанындағы арнайы комиссия отырысында айтылды. Коррупцияға қарсы күрес қызметі жүргізген мониторинг - пайдаланылмаған жерді қайтарудың баяулығын және жерді беру тәртібі сақталмайтынын көрсетті. Сондай ақ инвестициялық жоба деген желеумен Орал мен Бәйтерек ауданында 42 кәсіпкерге жалға берілген жер өзге мақсатқа пайдаланылған. Бұдан бөлек әкімдік шаруа қожалығын құруға арналған 57 гектар жерді туристік база мен жанарма құю стансасына деп бұрмалаған. Заң бойынша ауылшаруашылық жерінің мақсаты өзгермеуі тиіс. Өзен-көлдер жағасындағы рекреациялық аймақтардың жекеменшікке өтуі де жиі кездесетін заң бұзушылықтың бірі.
Әлия Денизбаева, БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басқарма басшысы:
- Мысалы рекреациялық аймақта құрылыс нысанын жүргізу үшін бір азаматқа берілген болатын. Бұл жерде атап өтер жайт жер комиссиясы бұл азаматқа жер учаскесін беруден бас тартқан болатын, рекреациялық аймақта және санитарлық қорғау аумағында орналасқандықтан. Алайда оған қарамастан Орал қаласынын әкімдігі жерді беру туралы шешім шығарған.