Ақтөбеде апатты жағдайдағы жатақхана тұрғындарға қауіп төндіріп тұр

Ақтөбеде салынғанына жарты ғасыр болған жатақхана тұрғындары ғимараттың апатты жағдайда екенін айтып, дабыл қағып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бұған дейін ешқандай жөндеу көрмегендіктен, су мен жылу желілері тозған. Жиі істен шығатын электр сымдары да айналасына қауіп төндіре бастапты.

Әлімжан Ниязмағамбетов өзі тұрып жатқан жатақхананың салбыраған электр желілері мен тозығы жеткен тұрбаларын үнемі бақылаумен келеді. Әрі көршілеріне де ғимарат ішінде абайлап жүруін ескертеді. Себебі кенеттен істен шықса, оны жөндейтін ешкім жоқ. 4 жыл бұрын ғана 14 шаршы метрлік бөлме алған ол қазір мұндай көріністен әбден шаршаған.

Әлімжан Ниязмағамбетов, қала тұрғыны:

- Жатақхана апатты жағдайда тұр. Жарық жағынан болсын, кәріз жүйесі болсын, ататыны жоқ барлық жағынан. Егер бір жағдай ақау болып, істен шықса, бір өрт болған жағдайда мына іштегі адамдар далаға  шығып үлгере алмайды. Мұнда кілең жас балалар бар, кемпір-шалдар бар.

Электр сымдары мен шіріген кәріз тұрбалары бұл жатақхананың басты мәселесі емес. Тұрғызылғанына жарты ғасыр болған нысанның бүгінде қабырғалары да көгеріп, иістеніп кеткен. Әр 4 пәтерге ортақ ас үй мен әжетхана және жуынатын бөлмелері де әбден тозыпты. Төбе жабындысы да тозып тұр. Сол себепті жазда жауыннан қорғану да қиын, - дейді тұрғындар. Ал қыста жылусыз отырған күндері көбейген. Ортақ мәселелерін жауапты мекемелерге талай жеткізіпті. Алайда әзірге 5 қабатты жатақхананың жағдайына ешкім көңіл бөлмей отыр. 

Қибат Төлепова, қала тұрғыны:

- Үйдің жағдайы деген мынау, мінекей. Төбеден су ағады. Жұмысқа кетіп қалса, мыналардың киімдері суға кетіп қалады, төсек-орын суға кетіп қалады. Барлығы осындай. Менің көріп келе жатқаным 2012-ден бері қарай – осы.

Зияда Ысқақова, қала тұрғыны:

- Ішін жөндеп, төбеміздің бәрін жауып, сөйтіп жөндеу істеп берсе екен деп армандаймыз. Не болмаса ең құрмағанда мынаны бұзуға жіберіп, мына жерде тұрған халықтарға бір-бір бөлмеден үй берсе екен дейміз.

Ал қала әкімдігі Ломоносов көшесіндегі бұл нысанның жағдайын жақсы біледі. Бірақ тап қазір шешіп тастауға мүмкіндік жоқ дейді. Өйткені ғимарат ешқандай басқару формасына кірмейді екен. Әрі нақты техникалық жағдайын анықтайтындай құжат та жоқ. Бірақ тұрғындар өтінішіне сай іс-әрекет қолға алынатынын айтады.

Ақнұр Қазбаева, қалалық Тұрғын үй инспекциясының сектор меңгерушісі:

- Актіні біздер жергілікті бюджеттен жасап береміз. Жасағаннан кейін оның қортындысына сәйкес, әрі қарай жұмыстанатын боламыз. Егер үй апатты деп танылатын болса, олар кезекке тұрады тұрғын үй қорына. Ал егер күрделі жөндеу жүргізу керек болса, онда модернизация бағдарламасы аясында жүргізілетін болады.

Жалпы қала бойынша бүгінгі күні 70 жатақхана бар. Оның 20-сы пәтер иелері кооперативі секілді басқару ұйымы жоқ нысандар санатында.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.