Қарағанды облысында 100 адам жалақысыз отыр

Қушоқы кентіндегі көмір кенішінде еңбек ететін 160 адам жаңа жылдан бері жалақы алмаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Маңдай термен тапқан адал ақшасын күте-күте шаршаған 60 адам өз еркімен жұмыстан кетіпті. Ендігі қалғаны – 100 адам. Компания қожайындары қаржы тапты ма әлде журналистердің келетінін естіген бе, әйтеуір қаңтар, ақпан айларының айлығын төледі. Бірақ әлі 3 айдың берешегі бар, шамамен 30 млн миллион теңге. Жұмысшылар шағымдарын айтып, прокуратураға, еңбек инспекциясына хат жазған, бірақ жауап болмапты.

Ал компания басшыларының бұл мәселеде өз уәжі бар. Олар кенішті өткен жылдың соңында сатып алған. Содан бері жер қойнауын пайдалануға құқық беретін құжатты ала алмай отырған. Бұл көмір сатуға кедергі келтіріп отыр. Мәселен, кеніштің өндірістік қуаты айына 70 мың тонна болса, 5 айда бар болғаны 1 мың тонна өткізген.  

Виталий Морозов, жүк көлігінің жүргізушісі:

- Елдің барлығы несие алған. Төлей алмай, енді қарызға батып жатыр. Біраз адам шыдамай өз еркімен жұмыстан кетіп қалды. Көпшілігі әлі де үмітті. Жалақыны күте-күте шаршадық. Күнде ертеңмен шығарып салады.

Николай Бризицкий, компанияның бас директоры:

- Біз бұл көмір кенішін өткен жылдың қараша айында алдық. Жер қойнауын пайдалануға рұқсат беретін құжат Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан 1 айдың ішінде берілу керек болатын. Міне, 7 ай өтті, келісімшарт әлі жоқ. Бұл бізге өнімді өткізуге үлкен кедергі келтіріп отыр. Соның салдарынан ақша жоқ, жалақы төлей алмай келеміз.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дәл осы мәселеге байланысты редакциямызға ауызша жауап жіберді. Айтуларынша, кәсіпорынның бұған дейінгі қожайындарына берілген келісімшарттың әлі де заңдық күші бар. Сондықтан бұл жаңа компанияның жұмысына кедергі болмауы тиіс. Құжатты көмір кенішінің жаңа иелеріне рәсімдеу мәселесі жуық арада қаралады.