Қазақстанда көздің қасаң қабығына трансплантация жасалды
Қазақстанда америкалық технология бойынша көздің қабығына трансплантация жасала бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Көз ауруына шалдыққандардың көбі – жастар. Операция Санжар Асфендияров атындағы медицина университетінің базасында жүргізіліп жатыр. Жоба «Қазақстан халқына» қоры қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Шымкенттік Нұрмұхамбет Жұмабекова көзінің ауыра бастағанын осыдан 6 жыл бұрын байқаған. Кейін дәрігерлер тексере келе екі көзіне бірдей кератоконус деп диагноз қойған. Яғни, көзалды бұлыңғырланып тұрады. Оның соңы соқырлыққа әкелуі мүмікін. Ол бас кезінде жұмыс істеп жүргенімен, кейін одан шығып қалған. Компьютрдегі жазуды көре алмайтын халге жеткен.
Нұрмұханбет Жұмабеков, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Мұндай көзбен жұмыс істеу өте қиын. Бізді шақырып, осындай операция істеп берді. Барлығы жақсы өтті деп ойлаймын. Енді көреміз енді. Көзге күтім керек. Жұмыссызбын, 3 жыл болды. Осы көзім жазылып кетсе, үлкен жұмыстарға кіріп істесем деймін.
Мұндай көз ауруын тек хирургиялық жолмен емдейді. Қасаң қабықты трансплантациялау ең күрделі операцияға жатады. Негізінен шетелде жасалады. Яғни, көздің зақымдалған қасаң қабығы алып тастап, сау донордың тіні салынады. Ол қайтыс болған адамнан алынады. Біздің еліміздің заңнамасы бойынша егер адам тірі кезінде ағзасы мен тіндерін алуға рұқсат беретін құжат жасамаса, онда донор болмайды. Ал бұл мүмкіндік күдер үзе бастаған науқастарға үмті отын жақты. Осы жыл соңына дейін 150 ден астам науқасқа операция жасалады.
Марат Шоранов, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ ректоры:
- Бізде 2 жылдың ішінде 304 науқас университет клиникасының базасында ем алуға мүмкіндік алады. Біз бұл өңірлерден мамандарды шақырып, өзіміміздің клиникамызда шеберлік сабағын беріп, ертең осы технологияларды біздің науқастар шетелге шықпай, өз қалаларынан шықпай, сол тұрған жерінде тұрып ала алады.
Мұндай операция 48 сағат ішінде жасалуы керек. Ал америкалық дәрігерлер тінді 14 күнге дейін сақтайтын консервациялау жүйесін ойлап тапты. Осылайша, қасаң немесе мүйізді қабығы бізге Солтүстік Америкадағы донорлық материалдары банкінен жеткізіледі. Әрине, мұның бәрі арзанға соқпайды. Қаражат мәселесі «Қазақстан халқы» көтеріп отыр. Қор 2 жыл ішінде 304 қасаң қабықты дайындап, әкелуге 373 млн теңге бөлді.
Марат Сүлейменов, С.Асфендияров атындағы ҚАЗҰМУ офтальмологиялық орталығының директоры:
- Егер біз операция жасамасақ, науқас көру қабілетін жоғалып, мүгедек болады. Яғни, әлеуметтік жәрдемақыға қарап, біреудің қолына қарап қалады. Қасаң қабықты ауыстырса, адам қайтадан жақсы көреді. Сондықтан экономикалық жағынан да, әлеуметтік жағынан да тиімді дер едім. Науқас толыққанды өмір сүреді. Ең бастысы – сол қуаныш.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, мұндай операцияға 10 млн-ға жуық адам мұқтаж. Қазақстанда да өкінішке қарай, көз ауруына шалдыққандар саны арта түскен. Дегенмен мемлекет халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында осындай ірі жобаларды қолға алып жатыр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Радик Жакупов.