СҚО-да көше камералары қылмыс санын азайтуға сеп болып отыр
Солтүстік Қазақстан облысында тәртіпке бағынбай, 68 мәрте жол ережесін бұзған шетел азаматы камераның көмегімен анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айта кету керек, көше камералары бүгінде тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналды. Мәселен, Қызылорда қаласында да осындай ақылды жүйе адам жарақаттаған сезіктіні қолға түсіруге көмектескен еді. Ал жергілікті билік биыл әкімшілік құқықбұзушылық саны артқан Ертіс өңіріне 9 мыңға жуық бейнебақылау камерасын орнатуды жоспарлап отыр.
Қызылордада сауда ойын-сауық орталығының жанында жүргізуші ер адамды пышақтап кетті. Оқиға сейсенбі күні болған. Сезікті көлігінің нөмірін шешіп, оқиға орнынан жасырынбақ болады. Алайда алысқа ұзамады. Полицейлер оны камераның көмегімен қолға түсірді. Қазір қылмыстық іс қозғалды.
Берікбол Ерімбетов, қалалық Полиция басқармасы жедел басқару орталығының бастығы:
- Автокөліктің ішінен айғақты заттар алынды. Жыл басынан бейнебақылау камералары 50-ден аса қылмыстың ашылуына септігін тигізіп, 13 мыңнан аса әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықталған.
Еліміздің солтүстігінде камералардың арқасында қылмыстардың саны айтарлықтай азайды. Бүгінде өңірде 35 ақылды жүйе жұмыс істеп тұр. Тәртіп бұзғандарға 215 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Самат Қайырденұлы, тілші:
- Бүгінде Петропавлда 17 мыңдай камера бар. Олардың 500-ге жуығы осы жедел басқару орталығына қосылған. «Ақылды камералардың» көмегімен жыл басынан бері 20 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Жол көлік оқиғалары 20%-ке азайған. Ең бастысы, адам шығыны жоқ.
Петропавлда осы жүйенің көмегімен 35 жастағы шетел азаматы ұсталды. «Lada Priora» көлігін тізгіндеген ол жылдамдыққа мұлде мән бермеген.
Серік Әлжанов, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
- Жуырда камералардың көмегімен 68 рет ереже бұзған шетелдік автокөлікті анықтадық. Жүргізушіге 1,5 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, темір тұлпары арнайы тұраққа жеткізілді. Иесі белгіленген уақытта айыппұлдың жартысын төледі.
Жол ережесін бұзу дерегі азаяр емес
Ал Ертіс өңірінде бағдаршамның қызыл түсін елемеу, жаяу жүргіншіні өткізбеу, жылдамдық режимін сақтамау сияқты жағдайлар азаймай тұр. Осы күнге дейін жүргізушілерге 167 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Сондай-ақ «Кибер-шериф» жүйесі мыңға жуық заңбұзушылықты анықтаған. Жолдағы қауіпсіздікті сақтап, апаттың алдын алу мақсатында аймақтың 3 қаласында 9 мыңға жуық бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған.
Жасқайрат Қайыров, облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:
- Өткен жылы мас күйінде көлік тізгіндеген 435 жүргізуші ұсталса, осы жылдың басынан бері 430 азамат жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жол бойында апатты жағдай туындатқан 130-дан астам көлік иесіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.
Жалпы өңірде бірнеше ай ішінде 150 жол апаты тіркелді. Соның салдарынан 24 адам көз жұмды.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, аймақтағы тілшілердің көмегімен.