Сот жүйесіне жасанды интеллект енгізіледі
Елде цифрлық сот талдауы енгізіледі. Онда алғаш рет жасанды интеллект технологиясы қолданылады.
Жаңа жүйе біркелкі сот тәжірибесін қалыптастыруға тиіс. Бұл туралы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция кезінде айтты. Оның сөзіне сүйенсек, қазіргі уақытта сот отырыстарын онлайн форматта өткізуге сұраныс жоғары. "Сот пен құқық қорғау жүйесіндегі Big Data" атты жиында үлкен деректердің уақыт талабы екені айтылды. Барлық сот қызметіне бірыңғай электронды терезе арқылы қолжетімділік бар. Мобильдік қосымша арқылы соттарға бірнеше электронды өтінім жіберу мүмкіндігі бар. Өтінімнің тіркелгенін қашықтан біліп, барысын бақылауға және сот актісін алуға болады. Барлық зал заманауи аудио- және бейнетіркеу жүйесімен жабдықталған.
Асламбек Мерғалиев, ҚР Жоғарғы сотының төрағасы:
- Отандық цифрлық сот төрелігі шет мемлекеттерде жоғары бағаланады. Қазақстан Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі еуропалық комиссияның байқаушысы мәртебесіне ие. Осыған байланысты Еуропалық одаққа мүше елдердің сот жүйелерін шолуға қатысады. Еліміз жоғарыда аталған комиссияның рейтингі бойынша 2020 және 2022 жылдар аралығында ІТ-технологияны тиімді қолданған 47 елдің ішінде 4-сатыға жайғасқан.