Абай облысында егіс науқаны қарқындады

Абай облысында егістік науқаны қызып тұр.

Көктемгі дала жұмысы әсіресе Үржар ауданында қарқын алған. Барқытбелдің баурайындағы диқандар биыл 200 мың гектарға жуық жерді игереміз деп отыр. 

Еламан Мұсабаевтың үлкен қаладағы жұмысын тастап, шалғайдағы туған ауылына келгеніне көп болмапты. Мамандығы агроном. Қазір ол осындағы бидай, күнбағыс егумен шұғылданатын шаруа қожалығына жетекшілік жасап жүр. «Мақсатымыз – жердің көлемін ұлғайту емес, тұқымның сапасын жақсарту, өнімділікті арттыру» дейді жас маман.

Еламан Мұсабаев, шаруа қожалығы жетекшісінің орынбасары:

- Біздің шаруашылығымыз аудандағы бидай тұқымын тарататын элиталық  шаруашылық болып есептеледі. Сол себепті жыл сайын бидайдың жаңа тұқымдарын әкеліп, оны басқа шаруашылықтарға таратамыз. Биыл Ресейден «Алтай 325», Атбасар ауданынан «Аугустина» бидайын әкелдік. Ыстыққа төзімді, жаздық бидайлар.  

Шаруа қожалығы биыл 1100 гектар жерге арпа, бидай, күнбағыс пен көпжылдық шөп егуді жоспарлап отыр. Еңбек өнімді, алқап астықты болуы үшін техникаларды да жыл сайын жаңартады. Елді мекеннің жастарының көпшілігі осы жерден екі қолға бір күрек тапқан. Некрасовка ауылының тұрғыны Еркебұлан Қоқымбаев мұнда 2 жылдан бері жұмыс істейді.

Еркебұлан Қоқымбаев, Некрасовка ауылының тұрғыны:

- Бізде қазір жағдай жақсы. Жаңа техника, ішінде кондиционер бар. Қазір бидай егіп жатырмыз. Күніне 40-50 гектар жерге егеміз.

Үржар ауданында биыл 191 мың гектар алқапқа тұқым себіледі. Оның ішінде дәнді-дақыл да, күнбағыс та, көкөніс те, картоп та, қауын-қарбыз да бар. 

Арман Байтуғанов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Бүгінгі күні 101 мың гектар жер егілді. Оның 50 мың гектары дәнді-дақылдар, 5 мың гектары майлы дақылдар. Егіс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ауданға биылғы жылға 4600 тонна кепілді жанар жағармай бөлінген. Соның 1295 тоннасы ауданға жеткізілді.

Абай облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірдегі егістік жерлердің көлемі 750 мың гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1200 гектарға артық. Әсіресе күнбағыс пен мал азықтық дақылдарды өсіруге баса мән беріліп отыр. Аймақтағы көктемгі егіс жұмысына Павлодар мұнай зауытынан 19 мың тонна дизель отыны жеткізіледі. 

Азамат Қасым, Медет Өмірханов