Қарағандыдағы Күнгей-3 ықшам ауданының тұрғындары жарықсыз отыр

Қарағанды қаласындағы Күнгей-3 ықшам ауданының тұрғындары жеті жылдан бері жарықсыз отыр.

Көмек сұрап, жергілікті билікке сан мәрте хат жазған.

Бірақ нәтиже жоқ. Жауапты мамандар құрғақ уәдемен тойдырып келеді деп налиды.

Үш баланың анасы Әлия Халелова күн батареясын қолданады. Оның қуаты бір бөлмеге бірер сағат жарық беруге ғана жетеді екен. «Ал тұрмыстық техниканы қызығын мүлдем ұмытқан, қаңтарылып тұр. Ең қиыны, қыста пеш жағу», - дейді. Тоқ болмаған соң, сорғы жұмыс істемейді.

Әлия Хәлелова, қала тұрғыны:

- Қаланың іргесінде тұрып свет жоқ. Үтік пайдалана алмаймыз. Телевизор пайдалана алмаймыз. Холодильник темболее, бізге жазда өте қажет. Акиматқа біз жаздық. Көрші-маңай болып жиналып та жаздық. Жыл сайын бізге обещаниелерін береді. Әлі берген жоқ міне. 2017 жылдан бастап тоқсыз келе жатырмыз.

2016 жылы отызға жуық отбасы дәл осы ауданнан жер сатып алып, жаппай үй салып тастаған. Ол кезде заң талабы басқа, әкімшілік инфрақұрылымы тартылмаған жерлерді үлестіре берген.

Марат Мұсатаев, Күнгей шағын ауданының тұрғыны:

- Мына жағы түгел, үшінші очередь бүкілі светсіз. Бер жағы только горкомхозстрой светпен отырған. Қалған үйлер түгел жарықсыз отыр. Айтқан бітіреміз деп, 2020-да бастаған олар, 2021-де тоқтады. Екі жыл созылып отыр. Подстанция жоқ, то подрядчик болған жоқ.

«Тұрғындардың талабынан соң осыдан үш жыл бұрын мұнда тоқ тарту жұмыстары басталған. Алайда аяқсыз қалады. Оны жалғастыруға қазір қазынада қаржы жоқ», - дейді жауапты мамандар.

Темірлан Талдыбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Қаражатқа байланысты біз шектелдік. Қазіргі таңда біз қала басшылығына сәйкесінше өтінімдер береміз, қаражатты ұлғайту бойынша. Егер мәселе оң қаралса, онда Күнгей-3 қарастырылады міндетті түрде. Ал қазіргі таңда мен жыл соңына дейін жарықтандыру болады деп айта алмаймын.

Биыл қала көшелерін жарықтандыруға бюджеттен 700 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ Күнгей ауданы бұл тізімге де ілікпей қалыпты. Енді тағы бір жыл электр қуатынсыз отыруға тура келеді.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар