Приозерскіде көл жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды
Қарағанды облысының Приозерск қаласында көл жағалауын абаттандыру жұмыстары басталды.
Ол үшін қазынадан 70 миллион теңге қаражат бөлінген. Қазір мұнда спорт нысандары мен балалардың ойын алаңдары салынып жатыр. Түрлі аттракциондар болады. Туристер тынығатын аллея жасалып, 150 түп ағаш отырғызылған. Жағалау маңайы жарықтандырылып, бейнекамералар орнатылды. Сондай-ақ жуырда биодәретхана, жуынатын орындар, күнқағарлар қойылмақ. Мұның барлығы туристерді тарту үшін жасалып отыр. Былтыр Балқаш көліне демалуға 2 мың адам келіп, 100 миллион кіріс түскен. Саяхатшылар саны жыл санап өсіп келеді. Сондықтан алдағы жылдары мұнда бірнеше қонақүй салу жоспарда бар. Осыдан 10 жыл бұрын Приозерскіде бар болғаны 2 қонақ үй болса, қазір туристер тоқтайтын 16 демалыс орыны бар.
Ахан Жүсіпов, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Бұл енді жұмыстарды жүргізудің мақсаты – қаламыздың тұрғындарына жайлы жағдай жасау, сонымен қатар туристерге, басқа келетін қонақтарға жағдай жасау. Сол жағында этноауыл дейміз, қазақы киіз үйлер орналастырылады. Бос жерлер бар. Соған 2022 жылы аукцион өткіздік. Аукцион арқылы 5 кәсіпркер сатып алды. Өзіміздің қаламыздың және басқа қалалардан да. Сол жерде олар демалыс аймағын, қонақ үйлер, профилактория салу жоспарланып отыр.