Астанада кәсіпкерлерге арналған Халықаралық форум өтеді
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу межесі тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айында жасаған ресми сапары кезінде Әмірліктер президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен осындай уағдаластық жасалған еді.
Келісім аясында екі елдің кәсіпкерлері жуырда Астанада іскерлік кездесу өткізеді.
8-9 маусым күндері Астанада өтетін Халықаралық форумға Біріккен Араб Әмірлігінен 30-дан астам компанияның басшысы барғалы отыр. Араб кәсіпкерлері мемлекеттік орган өкілдерінен құралған үлкен құрам форумның «Қазақстандық бизнес үшін жаһандық сын-қатерлер мен жаңа мүмкіндіктер» атты сессиясына қазақстандық әріптестерінен арнайы шақырту алды.
Мадияр Меңілбеков, Қазақстанның БАӘ-дегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Астана халықаралық форумы – шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, бизнес пен ғылыми ортаның жоғары лауазымды делегаттарының диалогына арналған алаң. Осы форум аясында кәсіпкерлеріміз үшін Іскерлік кеңес өтеді. Осы кездесу екі ел арасындағы коммерциялық және іскерлік қатынастарды одан әрі тығыз жолға қоюға мүмкіндік береді деп сенеміз.
Біріккен Араб Әмірліктері Сауда өнеркәсіптік палатасы федерациясының төрағасы Абдулла Әл-Мазруи қазақстандық әріптестерінің ықыласын жылы қабылдап, осы сапар кезінде екі елдің іскер топ өкілдерінің Кеңесіне де қатысуға дайындалып отырғанын жеткізді. Экономикалық ынтымақтастыққа қарқын беру екі тарап үшін де тиімді.
Абдулла Әл-Мазруи, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палатасы федерациясының төрағасы:
- Сауда айналымының көлемі, инвестициялық көрсеткіштер бір орында тұрған жоқ. Жыл сайын өсім болып отырғанын көріп отырмыз. Әмірлік кәсіпкерлері Қазақстанға инвестиция салуға ниетті және біздің бизнесмендерге ол жақта жан-жақты қолдау бар. Мысалы, мұнай-газ жобаларына теңіз қызметтерін көрсету бойынша жоба. Abu Dhabi Ports Company мен Қазақтеңізкөлікфлоты компаниясы жақында «Астана» халықаралық қаржы орталығының базасында бірлескен кәсіпорын ашты.
Одан өзге, Әмірліктердің Masdar компаниясы Қазақстанда ірі жел электр паркін салуға ниетті. Қазақстан, әлбетте, мұндай жинақтау қуаты бар жаңартылатын энергия жобаларына басымдық береді. Сондықтан бұл жоба көп ұзамай қазақ-араб іскерлері кездесуінің күн тәртібінде қаралады.
Авторлары: Бибігүл Нысанбаева, Нұраш Райс.