Елордада инженерлік инфрақұрылым мәселесі өткір тұр
Елордада тұрғын үйлердегі су мен жылудың берілу мәселесі шешілер емес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған себеп – тұтынушылардың көбеюі. Қазір Астаналық тұрғындардың саны 1 миллионнан асып отыр. Бұл көрсеткіш жыл санап артып жатыр. Сәйкесінше инженерлік инфрақұрылым тапшылығы байқалады.
Мейіржан Еділдің жасы 25-те. Елордаға 5 жыл бұрын көшіп келген. Баспаналы болуды армандаған ол 7-20-25 бағдарламасымен салынып жатқан үйге ақшасын салды. Алайда,тұрғын үй 2 жылдан бері халық игілігіне берілмей келеді. Себебі үй инженерлік желілерге қосылмаған.
Мейіржан Еділ, қала тұрғыны:
- 2021 жылдың қаңтарында 2 бөлмелі пәтер алғанбыз. Сол жылдың 3 кварталында бітіріп, кілтті тапсыру керек болған. Бірақ ол кілтті биыл ғана сәуірде берді. Ештеңе әлі дайын емес. Су жоқ, жарық өткізілмеген. Жылу жоқ. Кішкентай бала бар. Кілтті бергенін қайтейін, тұра алмайсын. Жағдай жасалған жоқ. Сол үшін пәтер жалдауға мәжбүрміз.
Соңғы санақ бойынша, бүгінде елорда халқының саны 1 миллион 354 мың адамға жетіп тұр. Орташа есеппен алғанда, қала тұрғындарының саны жыл сайын 5%-ке өседі екен. Бұл – шамамен 60 мың адам. Демек тіршілік нәріне сұраныс артады деген сөз. Алайда жаңа тұрғын үйлерді сумен қамту бас ауруына айналды.
Ғабит Матаев, Өңірлік зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері:
- Елорда халқының қарқынды өсуі, ауызсуды өндіру бойынша жобалық қуаттың тапшылығы – осының бәрі, қала тұрғындарының қажеттіліктерін айтарлықтай арттырды. Жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін тұрғындардың саны 1 миллион 200 мыңға жетуі керек еді, алайда бұл көрсеткішке 2020 жылы жетіп қойдық. Бұл – халық сұранысы артты деген сөз.
Бұл аздай, мамандар алдағы уақытта жылу, жарық тапшылығына да тап болуымыз ғажап емес деген болжам айтады. Халық көбейген сайын тұрғын үй саны артады. Ендеше қолданыстағы инфрақұрылымға қосымша желілер салу керек.
Аягөз Бекенова, Құрылыс комитетінің баспасөз хатшысы:
- Тұрғын үй құрылысын дамытудың нақты үрдістерін талдау нәтижелері бойынша елордада алдағы 3 жылда жылу тапшылығы орын алуы мүмкін. Урбанизация нәтижесінде қолданыстағы инфрақұрылымға және энергия ресурстарына деген қажеттілік артты. Бұл – үлкен жүктеме. Яғни, тұрғын үй құрылысының төмендеуі энергия көздерінің, жылу және сумен қамтамасыз етудің жетіспеушілігінен, сондай-ақ инженерлік желілердің тозғанынан туындайды.
Жалпы биыл республика бойынша инженерлік инфрақұрылымды салуға шамамен 105 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде Астанаға 3,5 млрд теңге тиесілі. Бұл қаржыға 15,5 шақырым инженерлік желі жүргізілмек.
Талғат Ерғалиев, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы:
- Осы күзде 3 станция іске қосылады. Газбен қамтамасыз ететін станциялар. Олар 2 млн 400 адамды жылумен келешекте қамтамасыз етеді. Жалпы жылу мәселесі шешіліп жатыр. Қосымша сүзгі станциясы да Интернациональный ауылының маңайында күзге дейін салынуы тиіс. Қосымша сумен қамтамасыз етеміз.
Инженерлік желі тартылмаса да, заңсыз құрылыс тоқтар емес. Мәселен, биылғы жылы мамандар тексеріс жүргізіп, 95 әкімшілік хаттама толтырған.
Ернұр Баймұсаев, қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы:
- Қандай да бір субьектілер құрылысты бастағанға дейінгі құжаттарының болмауы. Ол жер құжаттары, жобалық-смелалық құжаттары, техникалық-авторлық қадағалау мен договордың болмауы және құрылысты бастау жайында хабарламаның болмауы. Осындай құжаттардың болмау себебінен көптеген заңсыз құрылыстар орын алып жатыр.
Бұл мәселелерді шешуге мамандар барын салып жатыр. Мәселен, қазір шаһарда газ қазандықтарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал судан таршылық көрмеу үшін жаңа станцияның құрылысы қолға алынды.
Астана қаласының Отын энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының баспасөз қызметі:
- Жылу қуаты 440 гигакаллорий болатын ЖЭО-3 және «Оңтүстік-Шығыс» аудандық газ қазандықтарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Ал су тапшылығы проблемасын шешу үшін 2021 жылдың қазан айынан бастап өнімділігі тәулігіне 105 мың куб метр жаңа станцияның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа, инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған технологиялық құрылыстарды салу бойынша бірқатар жоба іске асырылып жатыр.
Биыл әкімдік тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспарын бекітті. Соңғы 4 айдың қорытындысы бойынша 1 мыңға жуық шаршы метр халық игілігіне беріліп отыр. Осы жылы тағы 2,7 млн шаршы метр баспана берілуі тиіс.
Авторлары: Айжан Бірлікқызы, Ерлан Наурзбаев