Елде 136 мал ұрысы ұсталды
Елде мал ұрлау дерегі тыйылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ахуалды реттеу үшін «Мал ұрлығы» операциясы өтті. Алдын алу шараларына 3 мыңнан аса полиция қызметкері мен 200-ден аса ауыл шаруашылығы және ветеринарлық бақылау басқармаларының мамандары қатысты. Операцияның 4 күнінде мал және ет өнімдерін тасымалдайтын 12 мыңға жуық автокөлік, ет өнімдерін сатып алу және өткізу орындары, сондай-ақ 9 мыңға жуық шаруа қожалықтары мен жайылымдар тексерілді. Бұл ретте 22 мал ұрлығы және бұрын жасалған 115 қылмыс ашылған. Ақ адал малынан айырылған шаруалардың жанайқайлары тәртіп сақшыларына жетті. Қызметкерлер қылмыс жасаған 136 адам ұстады, оның ішінде 19 ұйымдасқан топ бар. Операция барысында 600-ге жуық мал басы табылып, заңды иелеріне қайтарылған.