Жамбыл облысында пайдалануға берілген су тарату станциясы кәдеге аспай қалды

 Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Жарлысу ауылында 3 жыл бұрын пайдалануға берілген су тарату станциясы пайдаға аспай қалды.

Оны салуға 400 млн теңге жұмсалған еді. Алайда тұрғындар игілігін көріп үлгірмеді.

Жарлысудағы су тарататын жаңа станция бастапқыда 3 ай жұмыс істеген. Бірақ тұрғындар, ішуге жарамсыз ащы су болғандықтан пайдаланбадық, - дейді. Артынша жауаптылар, су қоры да таусылды, деп нысанды жауып тастайды. Кейін анықталғаны, мердігер екі ұңғыманы да қажетті тереңдіктегі су қорына жеткізе алмаған.
Азамат Сәмбетқұлов, Жарлысу ауылының тұрғыны:
Судың қазу тереңдігі 200 метр болатын болса, бізде есеп және аудит бөлімінің есептеуінше тексерісте, ол біреуі 115 біреуі 135 метр ғана салынған болып шықты. Жерасты су соратын трубалар олар смета бойынша 335 милиметр болған. Ал бірақ орнатылғаны 200 миллиметр. Насостары кәдімгі бытавой тұрмыстық насостар қойылған. Айналып келгенде ауылымызға жарты миллиард ақша бөлінді бірақ әлі жарты қасық та су ішпедік таза судан.

Қомақты қаржыға салынған станция қазір кәдеге жарамай тұр. Ал ауылдағы мың жарымға жуық халық кеңестің кезеңде қаЗылған артезиан құбырының суын пайдалануға мәжбүр. Оның өзінде бірнеше сағатқа ғана қосылатын суға кезекке тұрады. Әрі тіршілік нәрін ақшаға сатып алады. Елді мекендегі әлеуметтік нысандар да осы құбырға қарап отыр.

Әсел Жаппасбаева, Жарлысу орта мектебінің мұғалімі:

- Мектептің асханасы да әжетханасы да көгалдандыруы одан кейін мынау интернатымыз бар 40 бала орналасқан. Бүкіл жағдайының барлығына осы судан пайдаланады. Осы судан қалғаны біздің ауылға. Онда да біздің ауылға жетпей қалады. Бірақ бұл суға біз ақша төлейміз. Айына 10-12-15 мың теңгеге дейін шығындалып отырамыз. Жалғыз судың өзіне.

Шыдамы таусылған тұрғындар мәселені айту үшін аудан әкімдігіне барды. Жауаптылар жобаны қабылдаған сол тұстағы әкімнің ауысып, бөлім басшысының істі болғанын айтты. Ендігі кезекте тіршілік нәрін тарату үшін үшінші ұңғыманың құбырын 300 метр тереңге дейін салмақ.

Бауыржан Есеев, Т.Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:

-Жалпы 5 жылдық өзінің кепілдік мерзімі бар. Кепілдік мерзімге сәйкес, қалай болса да су шығару керек қой. Сондықтан қазір 3-ұңғымаға проэкт жасалып жатыр. Проект жасалғаннан кейін 3-ұңғымадан су шықса шығады, шықпаса әрі қарай осы қортындысымен құзырлы органдарға жүгінеміз. Талап арыз бола ма оны уақыт көрсетеді. Жаңағы мердігерге қаражатты кейін қайтару мәселесі. Оның бәрі соның қортындысанан кейін нақтыланады.

Жоба жасалып, мемлекеттік сараптамадан өткенше 6 ай уақыт қажет. Одан арғысы ұңғыма қазу жұмыстары бар. Сондықтан таза ауыз су шыққанша тұрғындар ескі құдақпен жан бағуға мәжбүр.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә