Ақтөбеде шомылу маусымына дайындық жүріп жатыр
Өңір құтқарушылары 64 су айдынының түбін зерттеп, шомылуға тыйым салынған жерлерге арнайы белгі орнатты.
Сондай-ақ мамандар жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында жаз бойы жағажайларда кезекшілік ететін волонтерлерді оқытуды жоспарлап отыр.
Шомылуға арналған жерде судың тереңдігі бір жарым метрден аспауы керек. Облыс орталығындағы Елек өзенінің бір бөлігінде мұндай талап сақталған. Бір апатадан кейін бұл жағажай ашылады.
Ал қарама –қарсы жағалауда суға түсуге қатаң тыйым салынған. Былтыр мұнда екі адам батып кетті. Құтқарушылар олардың денесін үш метр тереңдіктен тапқан.
Аслан Арзымбетов, Алматы ауданы ТЖ бөлімшесінің бастығы:
- 2022 жылы қала аумағындағы су қоймаларында 9 адам мерт болды. Оның үшеуі бала. Қайғылы оқиғалардың көбі белгіленбеген және жабдықталмаған жерлерде шомылғаннан болды. Сондай-ақ ішімдік ішіп, балаларды қараусыз қалдыру деректері де анықталды.
Қала аумағында шомылуға тыйым салынған қырықтан астам орын бар. Аптаның соңына дейін бұл жерлерге арнайы белгілер орнатылады. Қауіпсіздік ережелерін елемегендерге 7 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Алдағы күндері мамандар оқыс оқиға кезінде шұғыл әрекет ететін волонтерларды үйрете бастайды. Арнайы курстан 70-ке жуық адам өтеді. Ал төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жаз бойы күшейтілген режимде жұмыс істемек.
Аслан Арзымбетов, Алматы ауданы ТЖ бөлімшесінің бастығы:
- Рұқсат етілмеген жерлерде сағат 12-ден кешкі 20-00-ге дейін рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Арнайы комиссия құрамында құтқарушылардан бөлек полиция қызметкерлерімен және жергілікті тұрғындар бар.
Ақтөбеде демалуға және шомылуға арналған 18 орын қарастырлған. Олардың барлығы маусымның бірінен бастап ашылады.
Авторлары: Самат Қайырденұлы, Айсұлу Махмұтова, Болат Молдағалиев