Астанада «Қазақ өнер әлемі» монографиясының тұсаукесері өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тілеуғали Әшірбекұлы көпшілік назарына «Қазақ өнер әлемі» атты монографиясын таныстырды.

Автор өз жұмысында ұлттық мәдениетіміздегі интегративті ерекшелік мәселелерін қарастырған. Кітап 6 тараудан тұрады. Бірінші тарау қазақ өнерін зерттеуге арналған. Кейінгі тарауларда мифтік-діни үлгі қағидалары және ертедегі көшпелілер өнері синтезінің ерекшелігі талданады. Соңғы үш тарауда коллаж және симбиоз, орта ғасыр мен жаңа дәуірдегі өзара байланысу парадигмасы туралы жазылған. Монографиялық еңбек - студенттерге, магистранттар мен докторанттарға таптырмас оқу құралы.

Айта кеткен жөн, профессор Тілеуғали Әшірбекұлы - 6 монография, 5 оқулық, 18-ге жуық оқу құралы және шамамен 50 ғылыми мақала авторы.

Тілеуғали Әшірбекұлы, педагогика ғылымдарының докторы:

- Бүкіл дүние жүзінде өздеріңіз білесіздер, 18-19 ғасырларда көп шетелдік ғалымдар біздің қазақ өнерін зерттеген. Соларға үлкен сипаттама берілді. Осындай үлкен монография. Мың дана боп шықты. Бүкіл оқу орындарына, үлкен ғылыми жұмыспен айналысатын азаматтарға арналған.