Жезқазғанда қаржы пирамидасының жолы кесілді
Жезқазғанда 600-ден астам азаматты сан соқтырған қаржы пирамидасының жолы кесілді.
Күдікке ілінген Алматы, Астана және Жезқазған қалаларының 4 тұрғыны жымысқы әрекеттерін криптовалютаға инвестиция тартамыз деген желеумен жүзеге асырып келген. Алдын ала мәлімет бойынша сан соғып қалған салымшылардың қаржысы 125 млн теңгеге жуықтайды. Тәртіп сақшылары «алданғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін», -дейді. Себебі, қаржы пирамидасының жұмысы жарты жыл бұрын басталған көрінеді.
Ізбасар Жұмажанов, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы:
- Аталған тұлғаларды прокуратураның үйлестіруімен қаржылық мониторинг агенттігі Ұлытау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері Агенттіктің талдау бөлімшелерімен өзара әрекеттесу арқылы анықтады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.