Атырауда науқас жандарды жануарлардың көмегімен емдейді

Мұнайлы өңірдегі «Атырау. Маленькая страна» қоғамдық бірлестігі науқас жандарды жануарлардың көмегімен емдейді.

Биыл құрылғанына 10 жыл толып отырған қоғамдық бірлестік сал ауырына шалдыққандар мен буын аурулары, сондай-ақ, жарақаттан зақым алған жандарды иппотерапияның көмегімен емдейді. 

Атқа мінген адамның омыртқа буындары түзеліп, қан айналымы қалыпқа түседі екен. Бірлестік осы мерзім ішінде 900 дей адамға емдік қызмет көрсеткен. Енді мемлекет қолдауымен қосымша канистерапия, фелинотерапия және аромотерпия секілді ит-мысық, тіпті шөптің көмегімен емдеудің жаңа тәсілдерін көбейтпек.

23 жастағы Дана есімді қыз туа бітті сал ауруына шалдыққан. Ол соңғы мезгілде дәрігерлердің кеңесі бойынша бірлестікке келіп, иппотерапия емін алып жүр. Бүгінде Дана тәлімгерлердің көмегімен ат үстінде түрлі жаттығулар жасай бастаған.

Дана Мұқан, емделуші:

- Көмегі бар, аяғымның жүрісі жақсарды жеңіл. Атқа үйрендім басында қорқып жүрдім қазір еркін отырамын. Сосын жаттығулар жасатады. Буынға бәріне. Жақсы пайдасы бар ұнайды маған. Ұйықтауға да жүруге де бәріне.

Қазір мұнда түске дейін 8 ересек, түстен кейін арнаулы интернаттан 8 науқас бала келіп атқа мінеді. Серуендейді, түрлі дене қимылдарын жасайды. Бұл-әлеуметттік жоба болғандықтан табыс мардымсыз. Тек демеушілердің қолдауымен жұмысын жалғастырып келген бірлестік, енді мемлекеттік гранттарға қатысып әлеумттік кәсіпкерлікті дамытқысы келеді.

Ерлан Күмісқалиев, «Атырау. Маленькая страна» ҚБ төрағасы:

- Біздер әлеуметтік кәсіпкерлікке келгенде осы жолға түскенде, салаға біреуге масыл болайық деп яғни міндет артайын деп келген ештеңеміз жоқ. Жаңағыдай әртүрлі гранттарға қатыссақ осы жобаны біздерге Атырау өңіріне пайдасы бар соларды қолдап жіберсеңіз деген сияқты. Сол меморандум заключать етіп, барлығына қол қойып соның барлығы да біздерге көмек.

Атырау облысында  түрлі жарақат салдарынан өздігінен қозғала алмайтын, немесе туа бітті сал ауруына шалдыққан 3 мыңға тарта науқас тұрады. Әрине, олардың барлығын шағын бірлестік қамти алмасы анық. Дегенмен, мемлекет қолдаса, жобаны кеңейтуге мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде бірлестік жанынан атқа мінуден өзге  ит пен мысықтың көмегімен  және шөппен емдейтін жаңа бағыттар ашуға жұмыстанып жатыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин