Отандық ғалымдардың аграрлық әзірлемелері өндіріске жетпей тұр
Отандық ғалымдардың аграрлық әзірлемелері өндіріске жетпей, орта жолда қалып жатыр.
Себеп – тиімділігі дәлелденген ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу жүйесі жоқ. Бүгін ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру мәселелеріне арналған диалог алаңына жиналған ғалымдар мен Ғылым қорының өкілдері өсімдік, мал шаруашылығы, ветеринария, ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу, осы саладағы процестерді автоматтандыру технологияларын коммерцияландыру мәселелерін талқылады. Шара аясында еліміздің 25-ке жуық ғылыми зерттеу институттары мен орталықтардың ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған үздік ғылыми әдістемелері таныстырылды. Олардың қатарында өсімдіктерді зиянкестерден қорғайтын отандық биологиялық препараттар, қой жүнінің қалдықтарынан жасалған тыңайтқыш, бағалы және ерекше балық түрлеріне құрама жем сияқты өнімдер бар.
Ақылбек Күрішбаев, ҚазҰАЗУ ректоры – басқарма төрағасы:
- Өсімдікті қорғау нешетүрлі жүйелерді тапқан, өзіміздің шығарған. Соның бәрі өндіріске бару керек қой. Ол үшін жүйе керек, өйткені мысалы жаңа сорт шығарады, ал бізде тұқым шаруашылығы дамымаған, көбейту керек. Егер де осының бәрін енгізсек, менің ойымша өнімділік ең аз дегенде 30-40 процентке көбейеді. Қазақстанның өзінің өнімі.
Бақытжан Дүйсембеков, Ж.Жиембаев атындағы қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ басқарма төрағасы:
- Ақ көбелек биологиялық препараты бұл қабыршақ қанатты көбелектердің жұлдызқұрттарына қарсы қоланылады. Бұл биологиялық препарат болғандықтан бұл адам ағзасына да табиғатқа да зиянсыз. Бұлардың барлығы коммерциализациялауға дайын тұр. Тек бір ғана мәселе, биофабрика немесе биозертханаларды салу керек соған қатысты.