Ақтауда ағаштарға өңделген кәріз суы құйылады
Ақтауда ауызсуға тапшылық әсіресе жаз айлары қатты сезіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».
Шаһарға теңіз суын тұщытып беріп отырған энергокомбинат енді тал-терек күтіміне су бермейтін болды. Бұл ретте жауапты мамандар қыс бойы жерасты суы арнайы бассейнге жиналғанын айтады. Қазір су тасығыш машиналармен гүлзарлар мен тал көшеттерді суарып жатыр. Ал Ақтау әуежайы жолының жиегіндегі ағаштарға өңделген кәріз суы құйылып жатыр.
Ақтауда жасыл желекті суарумен бір жеке серіктестік айналысады. Осы бағытта қала әкімдігімен ұзақ мерзімді келісімшарт жасалған. Соған сәйкес 150 қызметкер мен 34 су тасығыш машина шағын аудандарды шарлап, әр ағашты айына кемі 3 рет суаруы тиіс. Тіршілік нәрі жерасты су көзінен алынады. Оған жақын жерде көлемі 750 текше метрлік бассейн салынған.
Айбек Ербөлеков, серіктестік басшысы:
- Қыста қала аумағында жерасты суымен суаруға «емкость» салдық. Қазіргі таңда шағын аудандардың ішін, периметрлерін солармен суаруға жұмыстанып жатырмыз. Оның барлығын арнайы техникамен тасимыз. Өңделген сумен тек Ақтау әуежай жолында. Сүзгілерімізді қойдық. Соның екі жағына КОС-тың суымен суарып отырмыз.
Кәріздік тазарту қондырғыларынан шыққан суды залалсыздандырып, қала сыртындағы тал көшеттеріне құю 2020 жылдан бері жалғасып келеді. Бұған дейін әлеуметтік желіге жалған хабарлама тарап, тұрғындар наразылығын тудырған еді. Әкімдік өкілінің сөзінше, ықшам аудандар мен орталық жол жиегінде жайқалған желек таза сумен суарылады.
Бақтияр Мақсатов, «Ақтау қалалық ТҮКШ» ММ сектор меңгерушісі:
- Кәріз суын пайдаланады деген ақпарат бойынша оның шындыққа жанаспайтынын жеткіземіз. Жасыл желектерді суаруға 1а-шағын ауданда орналасқан жерасты суы пайдаланылады қазіргі таңда. Мекеме тиісті жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл егілген жас көшеттер суарылып жатыр.
Қыс-көктем айлары облыс орталығында жауын-шашынды болды. Көктің шығымы да жақсы. Десек те мамандар аптап ыстық басталуын күтпестен жас көшеттерді кесте бойынша суаруды бастап кеткен.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.