ШҚО-да ірі жол құрылысы созылып кетті
Шығыс Қазақстан облысында ірі жол құрылысының тоқтап тұрғанына 6 жылдан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Өскемен-Алтай-Рахман бұлақтары бағытындағы трасса 2017 жылы ерекше қарқынмен басталған еді. Алайда жолдың біршама бөлігі орман қорына тиесілі аймақты кесіп өтетіндіктен, құрылысты жалғастыру үшін сол аумақты жол саласына жауапты министрлік теңгеріміне өткізу керек еді. Мінеки, дәл осы тұста қағазбастылық басталып, құжат рәсімдеу ұзаққа созылып кетті. Ақыры күре жол төсеп жатқан мердігер жобадан бас тартты.
Эльмира Ахметова, тілші:
- 2017 жылы басталған бұл жоба өлкеде атқарылып жатқан жол құрылыстарының ішінде антирекорд жасап тұр.Әу баста жап-жақсы жүріп, 17 шақырымы салынды. Алайда сол беті тоқтап қалды. Қазір ешкім жүрмейді бұл жолмен. Осылай тұрып-ақ тозып барады.
Сөйтіп, 32 шақырымдық жол құрылысының тек жартысы ғана аяқталды. Жалпы Өскемен-Алтай-Рахман бұлақтары бағытындағы бұл жобаның маңызы зор. Біріншіден, адам өмірі үшін. Өйткені жар жиегімен өтетін қолданыстағы айналма жол қауіпті. Асфальттың шұрық тесігін бітеп жүрген Андрей Финогеновтің айтуынша, оны күрделі жөндегеннен қайыр жоқ. Себебі ылғал көп. Жабынды шыдамайды.
Андрей Финогенов, жол жөндеу бригадасының жұмысшысы:
- Жолдың беті құрғақ болғанмен, ортасы шылқып жатыр. Төсемін кішкене түртсең болды, су шығады. Биік таудың сай-саласынан ағып жатқан судың барлығы асфальтты басып өтеді.Сондықтан әбден тозып барады.
Мұнда ауыр көліктер өткенде кептелістің көкесі болады. Жедел жәрдем бригадасын да бөгейді. Ал жаңа жол аяқталса, көп нәрсе өзгерер еді, - дейді осы бағытта жиі жүретін Николай Дорофеев. Сөзінше, қазір иірім трассада шұңқырды айналып өту мүмкін емес. Оңға бұрылса, жарға құлайсың, солға икемделсең, қарсы бағытқа шығасың.
Николай Дорофеев, Алтай қаласының тұрғыны:
- Жаңа жолдың аяқталғанын күтіп жүрміз. Біріншіден, қатер азаяды. Екіншіден, логистика жеңілдейді. Ал қазір, міне, жап-жақын жерге сағаттап жетеміз.
Расымен жаңа құрылыс бітсе, туристік әлеуеті мықты ауданмен арадағы қашықтық 4,5 шақырымға қысқарар еді. Дегенмен оны күте-күте жалыққан жұрт ыңғайлы жолдан енді күдер үзе бастады. Алайда жауапты сала өкілдері бұл күдікті сейілтті. Айтуларынша, жоба аяқсыз қалмайды.
Асхат Букаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚО филиалы директорының орынбасары:
- Биыл жұмыс жобасына түзетулер жасалды. Тендер өтіп, мердігер анықталды. Бастапқыда 18 млрд теңге бөлініп, оның жартысы игерілді, сөйтіп, жолдың 50%-і аяқталған еді. Енді қалған 9 млрд теңгенің үстіне 3 млрд қосылды. Яғни, жолды толық аяқтауға 12 млрд теңге кетеді деп отырмыз.
Қазір жартылай бітіп тұрған жол жағдайы зерттеліп, геодезиялық түсірілім жасалып жатыр. Егер тағы бір кедергі туындамаса, 2025 жылдың жазында трасса қолданысқа берілуі тиіс.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.