Қазақстан-Моңғолия ынтымақтастығы беки түсті
Бүгін Ұлан-Батырда Қазақстан-Моңғолия үкіметтерінің Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастығы жөніндегі комиссиясының 9-шы отырысы өтіп жатыр.
Қазақстан делегациясын Ақпарат және қоғамдық даму министрі, Қазақстан-Моңғолия Үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Дархан Қыдырәлі бастап барды. Сапар барысында министр Моңғолияның Білім және ғылым министрі Лувсанцэрэн Энх-Амгаланмен кездесті. Дархан Қыдырәлі: «Моңғолия Қазақстан үшін сенімді серіктес, екі ел арасында білім, ғылым, ақпарат және археология саласында ынтымақтастық дамып келеді. Сонымен қатар, таяуда Моңғолияның UBS арнасы мен «Хабар» телеарнасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды» - деп атап өтті.
Өз кезегінде Лувсанцэрэн Энх-Амгалан мырза қос мемлекет арасында тығыз байланыс бар екенін және ортақ жобалар жасау туралы ұсыныстарды қолдайтынын атап өтті. Бұдан бөлек, тараптар үкіметаралық гранттар аясында студенттерді оқыту, академиялық байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту жайын талқылады.