Қарағанды облысында «Ашаршылық» жинағы таныстырылды
Қарағанды облысында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Ашаршылық. 1928-1934» жинағының 6-7-томдары таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оны Долинка ауылындағы «Қарлаг» музейіне барған Сенат спикері Мәулен Әшімбаев көпшілікке паш етті. Алдымен ашаршылық құрбандарының рухына тағзым еткен Сенат төрағасы бұл бағытта жұмыстар жалғасатынын айтты. Бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл жерде енді көптеген маңызды құжаттар жиналды. Бұл еңбектердің ең басты маңызы – біз өзіміздің өткенімізді ұмытпау, бабаларымызға тағзым ету сондай-ақ жастарға халқымыздың өткен жолын түсіндіру, өткеннен сабақ алу сияқты еңбек. Бұл түптің түбінде тәуелсіздігімізді күшейтуге, ұлттық санамызды қалыптастыруға өз үлесін қосады деп сенеміз.
Ерлан Сайлаубай, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ "Ел тарихы" ҒЗИ директоры:
- 7 томдық бойынша 1708 құжат жария көріп жатыр. Осы жолғы 6-7-томға енген материалдардың 90,5%-і алғаш реет ғылыми айналымға енгізіліп отыр. Ұсынылған құжаттар жинағы Қазақстан тарихы ғылымында өзіің лайықты орнын қазіргі уақыттан бастап алып жатыр. Әсіресе жас зерттеуші магистранттар, докторнаттар тарапынан сұранысқа қатты ие болып отыр.
Сенат төрағасы Қарағанды облысының мәслихат депутаттарымен кездесіп, оларды заң шығару үдерісіне белсенді қатысуға шақырды. Одан бөлек, сенаторлар Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессор-оқытушы құрамымен және студенттерімен кездесті.