Түркістан облысында павловния ағашының жаңа түрі өсіріле бастады
Түркістандық агрономдар павловния ағашының жаңа түрін өсіре бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жапониядан жеткізілген сұрыпты жерсіндіріп, көшеттерін өздері шығарады.
Олардың айтуынша, әлемдегі ең жылдам өсетін ағаш оңтүстіктің климатына бейімді. Пайдасы да көл-көсір екен. Қазір бұл ағаш түрі 100 гектар жерге егілген.
Әбдіхалық Исаев павловнияны жерсіндіріп, оған күтім жасауды жетік меңгеріп алды. 2 жыл бұрын жеткізілген көшеттерді жылыжайда көбейтіп, санын 200 мыңға жеткізді. Енді 100 гектар жерді жасыл желекке айналдыруды көздеп отыр. Оны өсіруге тамшылатып суару әдісін пайдаланған. Айтуынша, жаңа сұрыпқа сұраныс жоғары.
Әбдіхалық Исаев, шаруа қожалығының төрағасы:
- Мың түрлі сұрпы бар. Соның ішінде біздің Қазақстанға жарайтын 3-4 сұрпы. Мысалы ол суыққа төзімді болуы керек. Біздің ыстығымызға төзімді болуы керек. Ауруға төзімді болуы керек және де өте жылдам өсуі керек. Сол сұрыптарды тауып, зерттеп, алып келіп, Қазақстанға ұсынып жатырмыз.
Павловния сулы алқапта жылдам өседі. Әрі 5-6 апта бойы гүлдеп, айналасына көрік сыйлайды. Сондықтан ауыл-аймақты көгалдандыруға қолайлы. Ал жапырағы малға азық, жиһаз бен музыкалық аспап жасауға да таптырмас шикізат саналады.
Медет Қарсыбаев, жұмысшы:
- Мысалыға, бір жылда 4 метр, 5 метрге дейін өседі. Ауаны тазартады. Малға жем болады мына жапырақтары. Сондай сондай жақсы қасиеттері көп.
Кәсіпкердің бұл бастамасы мемлекет тарапынан қолдау тапты. Қожалыққа 112 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфрақұрылым жүйелері тартылды.
Нұрболат Бердімұратов, Ордабасы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:
- Мемлекет тарапынан суару жүйелеріне және техника алу мәселелеріне субсидиялар қарастырылған. Қазіргі таңда 50 адам ол жерде жұмыс жүргізіп жатыр. Толығымен іске қосылған кезде тұрақты 150 адам маусымдық жұмыспен қамтылатын болады.
Кәсіпкердің қоршаған ортаны көркейтіп, жасыл желекті көбейтуге құлшынысы зор. Енді жобаны дамытып, аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.