Алматыда «Халық заңгері» акциясы өтті
«Халық заңгері» жалпы республикалық акциясы Алматыда кең ауқымда өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айта кетейік, аталмыш шара 2016 жылдан бері жалғасын тауып келеді.
Бұл жолы да білікті заңгерлер мен адвокаттар 3 мыңнан астам тұрғынды қабылдап, тегін қызмет көрсетті. Акцияны ұйымдастыруға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы мен «Параграф» ақпараттық жүйесі атсалысты.
«Халық заңгері» акциясынан алматылықтар да тыс қалған жоқ. Адвокаттар, нотариустар, заңгерлер мен тергеушілер келушілердің толғандырған сұрақтарына жауап берді. Мәселені заң тұрғысынан қалай шешу қажеттігін айтып жол сілтеді. Оған қоса республикалық және жергілікті билік органдарының өкілдері қабылдау жүргізді.
Қанат Сәлімбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары м.у.а.:
- Білім саласы, денсаулық саласы ,тұрғын үй саласында және де банк саласына қатысты көптеген сұрақ қойылып жатыр. Шешілетін сұрақтар болса, қазір шешіледі. Қалғандары міндетті түрде жүйелі түрде қарастырылады. Барлық өтініш мен арыз жеке бақылауға алынады.
Халық заңгері азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруды көздейді. Бұл жолы 60-қа жуық адвокат пен заңгер тегін қызмет көрсетті.
Тайыр Күзекұлы, адвокат:
- Не істеу керек? Не жасау керек? Қандай қағаздар жазу керек? Кімге? Қандай сотта тергеушіге қандай өтініш жазу керек? Өздерінің құқықтарын қалай қорғау керегін білмейді. Сол үшін осы іс-шара пайдалы деп ойлаймын.
Әсел Абылай, қала тұрғыны:
- Өзімді мазалап жүрген сұрақтардың жауабын алғаныма алғыс айтам. Осындай акциялар көптеп жүргізілсін. Өйткені әлеуметтік осал топтарға осындай тегін консультациялар өте қажет.
Акция кешкі 5-те басталып, 3 сағатқа жалғасты. 3 мыңнан астам адам білікті мамандардың кеңесін алды. 2016 жылдан бері оған 7 мың маман қатысып, 100 мыңнан астам азаматқа заңдық тұрғыдан көмек көрсетілген.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов.