Қазығұрт ауданында қарқынды бау шаруашылығы дамиды

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында қарқынды бау шаруашылығы дамиды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде осы арқылы өнімділікті еселеп, суды үнемдеу көзделіп отыр. Бұл істің басқа да қандай тиімділігі бар? Шаруалар тың технологияны игере ала ма? Мемлекет тарапынан бағбандарға көрсетілетін қолдау қандай болады?

Мына жеміс ағаштары осыдан 7 жыл бұрын егілген. Қазір аумағы 120 гектар бауға айналған. Мұнда алманың 5 түрі өседі. Барлығы Италиядан әкелінген. Бас агроном Жарылқасын Айтуғановтың айтуынша, әр түп 15 келіге дейін жеміс береді. Ал гектарына 40-45 тоннаға дейін өнім алуға болады. «Орта есеппен жылына 4,5 - 5 мың тонна алма жинаймыз», - дейді. Ал оны ішкі нарыққа сатады.

Жарылқасын Айтуғанов, бас агроном:

- Өткізгенде осы өзіміздің Қарағанды, Шымкент, Астана қаласына, арасында Ресей Федерациясына да экспорт жасаймыз. Шымкент қаласында 5 мың тонналық тоңазытқышымыз бар. Ақпан, наурыз айына дейін алма сол жерде сақталады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Алма бау толықтай Италияның технологиясымен жабдықталған. Төбесі тормен жабылған. Бұл ерте көктемде жеміс ағашын бұршақтан сақтаса, шіліңгір шілдеде күннің сәулесінен қорғайды.

Сандық жүйеге негізделген бау тамшылатып суару технологиясымен қамтылған. Мұнда сыйымдылығы 4 мың текше метрлік екі бассейн бар. Бірақ оған су Келес өзенінен мотор арқылы тартылады. Ол электр қуатына салмақ салады. Сондықтан бағбандар тиісті министрлік тарапынан қолдау болса, Келес өзенінен тікелей канал арқылы су жеткізуге болатынын айтады.

Жарылқасын Айтуғанов, бас агроном:

- Екінші мәселе климат мәселесі. Бізде жылда көктемде үсік шалады. Соған Италияда спринкер деген жүйе бар. – 0 температура кезінде былай су шашып тұрады. Соған арналған жобамыз бар. Сол құрылса, жылда үсіктен аман алып қалуға мүмкіншілігіміз бар.

Бағбандар мәселе шешілсе, қарқынды баудың көлемін ұлғайтып, басқа да жеміс ағаштарын егуге ниетті. Қазір шаруашылықта 8 техника бар. Олар күнделікті баудың ішіндегі шөбін орып, дәрісін себеді. Жалпы ауданда 2166 гектар жеміс-жидек бауы бар. Оның 800 гектары – қарқынды бау.

Нұрбай Қалдыкөзов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұл енді өнеркәсіптік бау болып есептеледі. Мысалы, өзіміздің бұрынғы бауларды көш түрінде отырғызатын болсақ, ол 6-7 жылдан кейін жеміс береді. Біздің мынау қарқынды бауларымыз биыл ексе, келесі жылы нышан береді. Алдағы уақытта да осындай жаңа технологияға көшуге ұмтылыс жасап жатқан шаруашылықтар бар. 530 гектар бау бар, 120 гектар жүзім бар. Оның барлығы тамшылатып суару жүйесімен суарылады.

Шаруашылықтың бұл түрін дамытуға мемлекет тарапынан да қолдау көрсетіледі. Мамандар әрбір берілген тыңайтқыштың 50%-і субсидияланатынын айтады. Жалпы Түркістан облысында 18 мың гектар жеміс-жидек, 4 мың 600 гектар қарқынды бау бар.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов.