Аралдың әлеуетін көтеруге арналған бірқатар жоба іске асырылып жатыр

Арал аймағында түйе шаруашылығы кластерін құру мәселесі қаралып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі шұбаты дертке дауа жануардың жүн-терісін өңдеуге шетелдік инвесторлар қызығушылық танытып отыр екен. Қазір өңірде Аралдың экономикалық әлеуетін көтеруге арналған бірнеше жоба бар. Бастысы, ауданның ауыл шарушылығы саласын дамытып, жоғары өнеркәсіптік деңгейге жеткізу, - дейді мамандар.

Саусаң сусын, жесең азық, мінсең көлік ойсылқара тұқымы теңізді жағалай қоныстанған Арал мен Қазалының жұртын асырап отыр. Табиғаты шөлейтті Қызылорда облысында түйе саны 40 мыңнан асып жығылады. Бірақ өнімін терең өңдеп, басқа өңірлерге өткізу жағы өңірде оң жолға қойылмаған. Осы ретте халықаралық қоғамдық ұйымдар Аралға көмек ретінде қаржы құйып, Сексеуіл кентінен зауыт салуды көздеп отыр.  

Ләззат Ержігітова, халықаралық қоғамдық қор жетекшісі:

- Сүтін ұнтаққа айналдырып, әрі қарай дамытып, одан кейін етін консервілеп, жүнінен киім-кешек шығарамыз. Сүтінен крем шығарып, жаңа технологияларды пайдаланып дәрі-дәрмек шығаруға дейін фармокология саласы, денсаулық саласына да көмек тигізуге зор үмітіміз бар.

90-жылдарға дейін мыңдаған аралдық жұмыс істеген  балық комбинаты, кеме жөндеу зауыты мен тігін фабрикасы республиканың түкпір-түкпіріне өнім жіберетін. Сол өнеркәсіптік желіні қайта жаңғыртып, халықтың табыс көзін көбейту үшін ауданға әлеуетті инвесторлар тарту қажет. Ал кәсіпкерлік құрылымдардың қызығушылығын арттырамыз десек, салықтық жеңілдіктер жасалып, арнайы экономикалық аймақ құру керек, - дейді мамандар. 

Нұртуған Тұржанов, қоғамдық бірлестік президенті:

- Инвестициялық бағдарламаларды бекіту арқылы негізгі мақсатымыз – Парламентте Аралға қатысты отырыс өткізу, Парламентке жеткізу. Арал туралы заңды қайта қарау. Нақты жұмыс көздеріне қатысты мән-жайлар салықтық жеңілдіктер арқылы инвесторлар келеді деген үмітте осы жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Аралда қазір индустриалық даму бағдарламасына сәйкес қап шығару, құрылыс заттары және сабын өндірісі, мал бордақылау алаңы мен наубайхана секілді 7 жоба іске асырылып жатыр. Жергілікті билік жаңа инвесторларға да тиісті қолдау көрсетуге әзірміз деп отыр.  

Ринат Жанаев, Арал аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- Аудан әкімінің өкімімен 6 га жерге 10 га жер телімі қосымша берілді биыл. Индустриалдық аймақта инфрақұрылым толық қамтылған. Жарық, суы, газы барлығын қамтып отырмыз.

Аралдық кәсіпкерлер өзен-көлдің жағасын қаулай өскен қамыстың өзін Еуропаға экспорттап, тау-тау болып үйілген кварц құмын Қызылордадағы шыны зауытына жеткізіп жүр. Енді ас тұзы өндірісін арттырып, кальцийлендірілген сода шығару зауытын салу жоспарланып отыр. Жобалар нақты іске асса, 1500 аралдық жұмыспен қамтылады.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.