БҚО-да 4 сүт өңдеу кәсіпорны салынады

Биыл Батыс Қазақстан облысында құны 6 млрд теңге тұратын 4 сүт өңдеу кәсіпорны салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл өңір нарығын жергілікті сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Бүгінде аймақта сүт өндірісі кенжелеп қалған. Мәселен, облыс тұрғындары жылына 112 мың тонна сүт өнімдерін тұтынса, соның тек 22% ғана Орал өңірінде өндіріледі. Қалғаны өзге аймақтардан, қала берді көршілес Ресейден тасымалданады.

Байзолла Аманғалиев бұрын қалада тұрып, мұнай-газ саласында еңбек еткен. Жас ұлғая ауыл шаруашылығына аңсары ауып, кәсіпке бет бұрды. Дүкен сөрелеріндегі самсаған шетелдік сүтті көріп отандық өнім шығаруға бел буған. Бәйтерек ауданынан жер алып, Чехиядан 96 бас зеңгі баба тұқымын әкелді. Сементал сиырлары тәулігіне 15-20 литрге дейін сүт береді. Қазір өнімді көршілес ауылдағы сүт зауытына тапсырады. Келешекте өзі өңдеуді көздеп жүр.

Байзолла Аманғалиев, кәсіпкер:

- Осы жерде сүт зауытын салып, осы жерде қаймақ, май, ірімшік, голланд ірімшігін шығарғым келеді. Оған мүмкіндігім бар, кісілерім де бар. Анда барып, мамандарды алып келуге. Олармен келісіп те қойдым. Қалғаны – мұнда зауыт салу. Зауыт салу үшін газ керек еді, жылылық керек, су керек еді. Оның бәрін жасадым өз күшіммен.

Өткен жылы өңірге сүтті бағыттағы 895 бас ірі қара әкелінген. Мемлекеттен 153 млн теңге демеу қаржы төленді. Қазір облыста 27 сүтті-тауарлы фермасы бар.

Мейрамбек Ерақаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Қазіргі кезде облыс шаруашылықтарымен 25 тонна ғана тауарлы сүт өндіріледі. Бұл деген – облыс тұрғындарына қажетті сүт көлемінің тек 22%.  Осы бағыттағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру мақсатында 6 млрд теңге облысқа бөлінуі қаралды. Ағымдағы жылдың өзінде 4 жаңа сүт-тауарлы фермасын құралатын болады. Бұлардың жылдық көлемі – 11 мың тонна.

Қазір сүт өндірісімен шұғылданғысы келетін 4 шаруашылық іріктелген. Өзге де кәсіпкерлер жобаларын ұсынса, қосымша қаржы бөлуге мүмкіндік бар.

Мейрамбек Ерақаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Асыл тұқымды мал басын сатып алуға және қосымша құрылғылар алуға берілетін болады. Несиенің ерекшелігі 2,5%-пен берілетін болады аталған кәсіпорындарға. 2025 жылға қарай облыс тұрғындарын сүт және сүт өнімдерімен қамту көлемін 50%-ке жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Жаңадан салынатын сүтті-тауарлы фермалар жеке тұрғындардан да сүт қабылдайды. Бұл бастама ауылдық ағайын үшін табыс көзі болғалы тұр.  Қазір мамандар «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алушыларға сүт бизнесін бастауға кеңес беріп жатыр. 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Махмұдов.