Жамбыл облысындағы Т. Рысқұлов ауданында шеберлер ауылы бар
Көгершін деп аталатын шағын елді мекен тұрғындарының бірі домбыра жасаса, енді бірі ат әбзелдерін даярлайды.
Сауыт пен қылыш, әр түрлі әшекей әзірлейтін зергерлер де тұрады.
Әлімжан Айымбеков туындыларына өзі туып өскен Көгершін таулары арқау. 20 жылдан бері қылқаламды серік еткен суретшінің 100 ден аса еңбегі бар. Суреттері ауыл тіршілігі, табиғат пен тарихтан сыр шертеді. Бояумен бейнелеген ең сүйікті шығармасы да тарихпен ұштасады.
Әлімжан Айымбеков, суретші:
- Арт жағында тұрған Түркістанды енгіздім. Өйткені біздің осы қазақтың жүрегі. Тарихымыз осы жерде ғо енді біздің. Біздің әскеріміз сол Түркістаннан шығып келе жатқанын көрсеттім. Артында біздің қалың ел. Анау жынында жүрген түйелерімізбен керуен. Сол кездегі батырлар аттың үстінде жүріп осы жерді алып берген. Соларды мен көрсеткім келді біздің аталарымызды.
Шағын ауылда бірнеше зергер бар. Солардың бірі Рахат Мәлімбаев. Ол зергерлік өнерді бала кезден меңгерген. Бүгінде күміс пен алтын әшекейлерді шағын цехында жасап отыр. Эксклюзивті жұмысына үлкен қалаларда сұраныс болса да, туған ауылда қалуды жөн көрген. Бүгінде өнер мектебінде ұстаздық етіп, ауыл балаларын көне кәсіпке баулып жүр.
Рахат Мәлімбаев, зергер:
- Әлбетте бір зат жасау үшін бірінші мысалы жаңағы көне баяғы ата-бабамыз жасаған затты бірінші зерттеп алам. Қалай жасалды? Сол затты қазіргі заманға сәйкес қылып қалай өзгертіп жасауға болады дегендей. Бір затты 2-3 күнде жасауымыз мүмкін. 1 аптаға кетуі мүмкін. Енді ол көлеміне қарай.
Ата кәсіпті жаңғыртып отырған тағы бір қолөнерші Сейіт Төреқұлов, Ол 30 жылдан бері ер тұрман жасап келеді. Көкқасқа, құранды, қазақы мен бала ер сынды ердің сан түрін ағаштан ояды. Сонымен қоса қамшы мен ноқта әзірлейді. Ерекшелігі жұмысының бәрін ұмытыла бастаған ескі тәсілмен жасайды.
Сейіт Төреқұлов, қолөнерші:
- Көңмен қаптаймыз, 7-8 жасар серкенің терісімен қамһптаймыз мықты болу үшін. Қазіргі кезде қолдан істелген клей сіңірді қайнатып, соған пресс шөптің жібі бар ғой соны қиып-қиып, сомен екеуін араластырып соны жағамын. Ол таза клей болады. Сырты стеклянный ұқсап тұрады ағашқа сіңіп.
Қолөнерші ат әбзелдерімен қоса темірді иіп қылыш пен қалқан бұйымдарын жасап жүр. Енді заманауи тігін машиналарын алып, 10 шақты ауылдасын жұмысқа тартам дейді. Бүгінде кәсібін кеңейту үшін грант алуға құжат тапсырған. Жалпы Әулиеата өңірінде 200 ге жуық қолөнерші бар. Олар ағаш, тері мен темір және жүн өңдеп түрлі өнімдер шығарады.
Авторлары: Мерей Бает, Руслан Ахатәллі