Қарағанды облысында «Жасыл белдеу» жобасы жүзеге асып жатыр
Теміртау қаласын көгалдандыру жұмысы әлі де жалғасып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамы биылдың өзінде 300 мың ағаш отырғызған. «Жасыл белдеу» жобасына компанияның корпоративтік және әлеуметтік жауапкершілік қызметі жетекшілік етеді. Ал орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығы жерді дайындап, көшеттерді өсірумен айналысады.
«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы ағаш көшеттерін ғалымдармен ақылдасып таңдайды. Негізінен Арқаның климатына төзімді түрлері отырғызылады. Мысалы, сібір алма ағашы, қара үйеңкі, қарағаш топыраққа тез жерсінеді екен. Оның бәрі жергілікті тұқымбақта өсірілген.
Әйгерім Рамазанова, Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының бас маманы:
- Инспекция мамандары жасыл желектің дұрыс отырғызылуын мұқият қадағалайды. Себебі орман шаруашылығы бекіткен арнайы стандарт бар, барлық ағаш соған сәйкес егілу керек. Бұл кейін көшеттердің жайқалып өсуі үшін қажет.
«Жасыл белдеу» жобасын орман шаруашылығы инспекциясына қарасты ғылыми-зерттеу институтының мамандары әзірлеген. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы сол институт ғалымдарымен, орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылығымен үшжақты келісім жасаған. Қазір мамандар көшеттерді күнделікті бақылап отыр. Жерсінбеген түптер болса, келесі маусымда айырбастайды.
Гүлнар Стамқұлова, компанияның корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік жөніндегі директоры:
- Біз үнемі институт ғалымдарымен кеңесіп отырамыз. Енді отырғызған ағаштарды бір жыл бойы бақылаймыз. Егер қурап қалғандары болса, келесі жылы міндетті түрде орнына басқасын егеміз.
Көгалдандыру жұмысы былтыр басталған. Теміртау мен Ақтау кенті арасындағы алаңқайға 200 мың түп ағаш отырғызылды. Биылғы көктемде металлургтер қаласының маңындағы тағы 134 гектар жерге жасыл желек егілді. «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы «Жасыл белдеу» жүргізу жобасын 2023 жылдың күзінде аяқтауды жоспарлап отыр. 2 жылда миллион түп ағаш отырғызу көзделген.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Зарина Зұлпыхар.