Атырау өңірінің тәртіп сақшылары жаңа ғимаратқа көшті

Атырауда облыстық Полиция департаменті жаңа ғимаратқа көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновпен бірге өңірлік Полиция департаментінің жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты. Нысанда полицейлердің қызметіне қажетті дүниенің барлығы бар. Бокс, күрес залы, арнайы жасақ үшін жаттығу алаңдары да қарастырылған. Ал Жедел басқару орталығы қоғамдық қауіпсіздікті бейнбақылау камералары арқылы бақылап, шұғыл әрекет ете алады. Жаңа ғимарат облыстық әкімдіктің қаржылай қолдауымен бой көтерді.

Атыраулық тәртіп сақшыларының әкімшілік ғимаратын салтанатты түрде ашқан Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жаңа құрылғыларды іс жүзінде сынап көрді. Қала мектептерінің бірінен түскен «дабылға» патрульдік экипаж шұғыл жетті. Олардың әрекетін бейнебақылау камералары арқылы Жедел басқару орталығындағы экраннан бақылап отырды. Жаңа ғимараттың ашылу салтанатында аймақ басшысы тәртіп сақшыларын бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- Күннің ыстығына, салқындығына төзіп, күн демей, түн демей, осы ел үшін қызмет атқарып жатырсыздар. Баршаларыңыздың қызметтеріңіз абыройлы болсын дегім келеді. Ал жергілікті атқарушы орган өз кезегінде балық жағдайды жасауға дайын.

Жаңа ғимаратта полиция қызметкерлерінің спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалған. Мұнда бокс және күрес залдары, үлкен спортзал қарастырылған. Жергілікті билік тәртіп сақшыларына барлық қажетін түгендеп берді, енді сіздер де соған сай қызмет етіңіздер, - деді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Президентіміздің қойып отырған талабы – ол халыққа адал қызмет жасау, қолжетімді полиция болу. Әрқашан да халықтың сеніміне ие болу. Сондықтан тек қана бір талап – адал қызмет жасап, бүгінгі өздеріңіздің міндеттеріңізді мүлтіксіз орындау.

Атырауға сапары барысында Ішкі істер министрі облыс полициясының жеке құрамымен кездесті. Атқарылған жұмыстарды саралап, аудандық бөлімдердің басшыларының өтініштеріне назар аударды. Жиын соңында Марат Ахметжанов мінсіз қызметімен көзге түскен тәртіп сақшыларын марапаттады.   

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.