Риддер жылу орталығында жөндеу жұмыстары басталды
Риддер жылу электр орталығы жартылай коммуналдық меншікке өтуі мүмкін.
Қазір келіссөз жүргізіліп жатыр. Орталықты күрделі жөндеу басталды. Жоспарға сәйкес алты қазандық та жаңғырытылады. Облыс әкімінің айтуынша, қыркүйек айының ортасына дейін жұмыстар толық аяқталуға тиіс.
Виктор Карнаков осы көп қабатты үйде тұрады. Зейнеткер қыс бойы көрген қиындығын айтып жеткізе алмады. Жылу орталығы жайлы ақпараттарды қалт жібермейді . Алайда әлі нақты бір істі көрмедім дейді. Осылай жүргенде жаз өтіп кете ме деп алаңдайды.
Виктор Карнаков, қала тұрғыны:
- Жаз үш-ақ ай.Станцияда алты бірдей қазандық қаңсып тұр екен.Оны жөндеуге қыруар ақша, уақыт керек. Өйткені қазандық деген пеш емес қой.Қазір үйімізде ыстық су жоқ.Көршілерім жылу ысытатын электр құрал қойып алды. Салдарынан желі жүктемеге шыдамай,өрт шығып жатыр. Жауапты орган өкілдері тезірек қимылдамаса, келер қыста жағдай бұрынғыдан да қиын болады.
Шынымен ширақ қимылдамаса шаруа тағы шатқаяқтайын деп тұр. Дегенмен, әрекет те жоқ емес. Риддер жылу электр орталығы акциясының 50 проценті енді әкімдікке беріледі. Демек шаруа жеңілдеуі мүмкін. Станцияда күрделі жөндеуді бастап та кетті.Талай жыл қараусыз қалған мекемеде мықты бригадалар жұмыс істейді.
Дархан Қосантаев, Риддер қаласының әкімі:
- Оннан астам мердігер компания бізге келеді, жұмыстың бәрі нақты басталады. Бүгін елу пайыз акцияны беру жолы бізде табылды.Тек қағаз жұмыстар ғана қалды. Оның бәрін бітірген соң 50 процент бізге келеді.
Кирилл Голота соңғы 1,5 айдан бері осы орталықтың вице-президенті қызметін атқарады. Бұған дейін жылу мекемесінде инженер болып істеді. Қазір нағыз қызу жұмыстың ортасына түсті. Станцияның әрбір жабдығының қандай жағдайда екенінен хабардар. Жөндеудің де жөнін біледі.
Кирилл Голота, "Риддер ЖЭО" ЖШС вице-президенті:
- Мекеме күрделі жөндеу кірісіп жатыр. Қазір біршама қажетті материалдар жеткізілді. Ең алдымен орта қысымды қазандықтар,отын жеткізу желісі, бойлер жүйесі және орта қысымды бу жіберу құрылымы жөнделетін болады. Жергілікті және облыстық әкімдік үлкен қолдау білдіруде.Бұл шаруаны жеделдетуге үлкен серпін беріп тұр.
Риддер жылу электр орталығы қарашаның басынан бері қала жұртын әбігерге салды.Қазандықтары бірінен соң бірі істен шықты.Бір маусымда жұмысы 67 рет тоқтады. Қарайған халық қыс бойы жаурап шықты. Меншік иесі болса қарызға белшесінен батқан. Прокуратура бұл жерден 240 бұзушылық анықтап, 11 миллион теңге айппұл салды. Тұралап қалған орталық тек әкімдіктің көмегімен ғана қыстан шықты. Сондықтан келер маусымға жедел әрі күрделі әзірлік болмаса,жағдай ушығары сөзсіз, дейді мамандар.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов