Қытайдан велосипедпен шыққан қазақ бауырларымыз Алматыға жетті

Қытайдан велосипедпен шыққан этникалық қазақ бауырларымыз Алматыға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қос дөңгелекті көлікті тізгіндеген Думан мен Оразай Санжы облысы, Шонжы ауданынан 30 сәуір күні жолға аттанған. 24 мамырда олар Алматыға келді. Бірнеше күн тынығып алған саяхатшылар енді Астанаға жол жүреді.

Екі елдің байрағын желбіреткен велосаяхатшы Думан Мәдетханұлы мен Оразай Алтынбекұлы 1670 шақырымды артта қалдырып, 26 күнде Алматыға жеткен. Атақоныс – қазақ еліне саяхаттау идеясы 3 жыл бұрын туған. Бірақ оны жүзеге асырудың реті енді келіпті. Қазақтың дархандығын көзімен көріп, риза болдық, - дейді Думан Мәдетханұлы.

Думан Мәдетханұлы, саяхатшы:

- Қазақстанның өзінің жергілікті тұрғындарын тоқтатып жол сұраған жағдай болды. Ол кісілер бізді тоқтатып, су беріп, бірақ ақыл-кеңес беріп деген сияқты. Сондай бауырмал, қазаққа тән ақкөңілдігі, қонақжайлығы осы Қазақстанның елінде мәңгі бар екен. Осынау нәрсені көрген кезде жүрегім тебіренді.

Велосаяхатшылардың ендігі бағыты – Астана қаласы. Алматының әсем жерлерін аралап, бірнеше күн тыныққан жігіттер ертең елордаға жол тартады. 

Думан мен Оразай жүрген жолдарын, алған әсерлері мен қиындықтарын телефонға таспалап, әлеуметтік желіде де жариялап отырады екен. Велосапардың бір мақсаты – екі ел арасындағы мәдени, сауда-экономикалық байланысты дәріптеу.

Оразай Алтынбекұлы, саяхатшы:

- Мәдениеті орасан зор дамыған, басқа адамдарды сыйлауы, құрметтеуі, көмектесуі өте дамыған барлық жағынан. Табиғаты өте көркем, сулары мол, табиғаты адам көзі тоймайтындай өте көңілді, сондай өзі рақаттана алады екенсің.

Жігіттер 1200 шақырымнан астам жолды еңсеріп, Астанаға жеткен соң шаһарды аралап, әбден мауқын баспақшы. Одан соң ас-суын дайындап, туған жерге дейін кері қайтамыз, - дейді. Осылайша, 3 айға жуық уақытта велосаяхатшылар 6 мың шақырымды бағындармақ.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев.