Азаматтық авиацияны дамыту. LIVE

Елдегі 7 әуежайдың жарамдылық сертификатының қолдану мерзімі аяқталған.

Бірақ бұған қарамастан олар штаттық режимде жұмыс істеуін жалғастырып жатыр. Ал ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірген 7 авиакомпанияның пайдаланушы сертификаттарының күші жойылды. Бұл жөнінде бүгін Үкімет отырысында айтылды.

Риат Шони, тілші

Алдағы уақытта қазақстандықтар қай мемлекеттерге ұша алады? Жаңа рейстер ашу жоспарда бар ма?

Астанадан Нью-Йоркке дейін ұшу. Қазақстандықтарға, жалпы тек біздің отандастарымызға ғана емес, транзиттік жолаушылар үшін де осындай мүмкіндік енді 2 жылдан кейін туады. Индустрия және инфрақұрылымды даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл бағыт  2025 жылы ашылады. 2 жылдан кейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур сынды рейстерді ашу жоспарлануда. 

Ал биыл 18 жаңа маршрут ашылмақ. Оның 9 бағыты бойынша жолаушылар қазірдің өзінде қатынап жүр. Енді жыл соңына дейін Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Джидда, Маскат, Прага және Тель-Авивке жаңа халықаралық маршрут ашылады деп жоспарланып отыр. Ашық аспан режимін енгізген Қазақстан үшін бұл зор мүмкіндік. Әсіресе мынау солтүстіктегі көршілеріміз өз елдері арқылы алысқа ұша алмайтынын ескерсек, транзит едәуір арта түспек. Транзит демекші, былтыр қызмет көрсетілген ұшу көлемі 410 мың ұшақты құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 90%-ға артық болып отыр. Әлеует жоқ емес, бар. Бірақ нарықтағы авиаотынның тапшылығы және оның жоғары құны транзитті дамытудың басты кедергісі болып отыр. Салдарынан отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Яғни, әуе компаниялары отын арзан елдерді таңдайды. Министрдің сөзінше, Авиаотын нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты, авиакомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.

Отандық Мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтемейді, осыған байланысты отынды Ресей Федерациясынан импорттауға тура келеді. 

Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін жылына 1 млн тоннаға дейін ұлғайту қажет дейді министр.

Премьер-министр бұл мәселені энергетика министрлігімен пысықтап, біржақты етуді тапсырды. 

Тағы Үкімет басшысы ішкі нарықта жолаушы тасымалын жасайтын әуе компанияларға халық тарапынан көп түсетін шағымдарға назар аударуды міндеттеді және рейстерді кешіктіріп, тіпті қатынау кестесін бұзатындарға шүйлікті. Нақтырақ айтқанда флай арыстан қаңтар, ақпан айларында Қостанайдан Астанаға, Алматыға жасау керек рейстерінің жартысына жуығын жасамаған. Ал Шымкентте ақпанның 25-і күні рейстің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жолаушылар жанжал шығарған. Бұл ретте премьер әуе компанияларда жолаушылармен диалог орнату мәдениеті төмен екендігін атады. Тағы бағаның тым қымбат екендігіне де тоқталды. Әлихан Смайыловтың сөзінше, Астанадан Алматыға 1,5 сағат лоукостермен, яғни бюджеттік рейспен ұшу Еуропа, АҚШ сынды елдеріндегіден 2 есе қымбатқа шығып жатады. Сондықтан жолаушылардың мүддесі бірінші орында тұруы үшін баға саясатын қайта қарап, сервисті жақсарту керек деді премьер.