Ә. Смайылов Абай облысын дамыту жөніндегі жобаларды сапалы іске асыруды тапсырды
Премьер-министр Әлихан Смайылов Абай облысын дамыту жөніндегі жобаларды кезең-кезеңмен сапалы іске асыруды тапсырды.
Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне арналған бұл бастамалар жуырда Үкімет басшысының аймаққа сапары барысында да талқыланған. Министрліктер облыс әкімдігімен бірлесе өңірдің жылу және сумен жабдықтау желілерін жаңғырту жұмыстарына баса мән беруі тиіс. Жауапты мемлекеттік органдар басшылары Қаракөл су қоймасын, Семейдегі үшінші жылу электр станциясын, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу бойынша атқарылған шараларды баяндады. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірді әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, жаңа инвестициялық жобаларды қолдау, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету және басқа қалаларымен әуе қатынасын кеңейту мәселелері бойынша ақпарат берді.