Павлодар облысында резиденция болмашы ақшаға сатылып кеткен
Павлодар облысында мемлекеттік резиденция болмашы ақшаға сатылып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».
Прокурорлар «Жасыбай» демалыс аймағында орналасқан нысанды сату кезінде өрескел қателіктерге жол берілгендігін анықтады. Жеке инвестор мемлекетке тиесілі мүлікті бар болғаны 161 млн теңгеге сатып алған. Облыстық табиғат қорғау прокурорының айтуынша, тәуелсіз бағалау кезінде нысанның құны 1 млрд теңгеге бағаланған. Ал жер телімі мүлде есепке алынбаған. Бұл іс қазір сотта қаралып жатыр. Облыстық әкімдік демалыс аймағын мемлекетке қайтаруды талап етіп отыр.
Резиденция бұған дейін жергілікті кәсіпорындардың бірінің сенімгерлік басқаруында болған.
Ерлан Салханов, облыстық табиғат қорғау прокуроры:
- Жылжымайтын мүлікті сатқан кезде нысанға толық әрі нақты бағалау жүргізілмегендігі анықталды. Бұл оның құнын төмендетіп жіберген. Оған қоса демалыс үйінің аумағындағы жер учаскесі бағалау кезінде есептелмеген.