Қостанай облысы Веден ауылының жұрты жайылымға жарымай отыр
Ауыл маңындағы жерді өзгелер иеленіп, жайылым тарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Айналамыз – егістік. Мал аттап шықса, айыппұл төлуге мәжбүрміз. Меңдіқара ауданының Веден ауылының тұрғындары осылай деп шағымданды.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Веден ауылының іргесіндегі мына алқап, бұрын жайлым және шабындық жер болатын. Енді өздеріңіз көріп отырғандай, жыртып тастаған. Шабындықтың тапшылығынан ауыл тұрғындары шөптің тоннасын сырттан 60-70 мың тенгеге сатып алуға мәжбүр.
Веден ауылының байырғы тұрғыны Ақтас Байбосынов бұл аумақта бұрын 20-30 мың бас мал еркін жайылғандығын айтады. Қазір қой-ешкісін қоса есептегенде 2 мыңға әрең жететін түлік жайылымға жарымай отыр.
Ақтас Байбосынов, Веден ауылының тұрғыны:
- Анау жаққа барсаңдар, бәрі белгіленіп қойған. Қазір осы жерден 3 шақырым жерге барсақ, қалай-қалай айрып тастағандарды сендерге көрсетуге болады. Ол жерде өмірбақи мысалға мал жайып келдік, анау қырға шейін 6-7 шақырымға шейін мал жайылып жүрді. Қазір жоқ, мінеки, ауылдың малын жаятын жер жоқ, шынын айтқанда.
Мамандардың есебінше ірі қараның әр басына 4,5 гектар жайылым қаралуы тиіс. Ал Веден ауылында бөлінген жер көлемі одан 3 есе кем. Бұл заң талаптарына да қайшы келеді.
Арман Божатов, заңгер:
- «Жайылымдар туралы» заң бар. Алайда нормативті құқықты актілерде көрсетілген бірде-бір талап мұнда сақталмаған. Оның сыртында «Жер кодексінің» 26-бабында жайылымды жекенің пайдалануына беруге болмайды деп жазылған. Ол жерлер жергілікті тұрғындардың малын жайып, бағуға ғана қолданылуы керек.
Өзіміздікі деп жүрген жердің иесі бар екенін ауыл тұрғындары 2 жыл бұрын біліпті. Айтуларынша, жайылым мен шабындық алқаптары 10 жыл бұрын жергілікті агрохолдингтің иелігіне өтіп кеткен. Бертін келе сайланған ауыл әкімі бұл жәйт маған дейін болған дейді. Қазір олар агрохолдингпен бір келісімге келуге тырысып жүр.
Анна Ергазина, Веден ауылдық әкімдігінің бас маманы:
- Шынымен, жайылымдық жер тар. Біз 2021 жылы «Олжа Агроға» жерді ұзақ мерзімге пайдалануға беруді сұрап хат жаздық. Биыл тағы мал жайлымға шығар алдында хат жолдадық. Бірақ әзірге жауап жоқ.
Облыстық Ауылшаруашылық басқармасының жер қатынас бөліміндегілер бұл жағдайдан хабардар екендігін, шағым хат бойынша тексеріс жүріп жатқандығын айтады. Әзірге басы артық ақпарат бере алмаймыз, - дейді. Ал Веден тұрғындары басқа амалы қалмаса, сотқа жүгінеміз деп отыр.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.