Қызыл империяның құпиялары жариялана бастады
Ресейде қызыл империяның құрбаны болған мыңдаған адам көмілген полигондар әлі де табылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жақында Екатеринбургте 52 ортақ қабір анықталды. Ал Мәскеуде «Коммунарка» полигонындағы зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл маңға қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген қазақ зиялысы жерленген.
Әлихан Бөкейханов 1937 жылы Мәскеудегі Бутырка түрмесінде атылды. Алаш көсемі қашан, қайда жерленгені тек соңғы жылдары мәлім болды. Ол коғам қайраткері Нығмет Нұрмақовпен бір күнде атылып, Мәскеу қаласының Дон қорымындағы ортақ қабірге көмілді.
Дана Нұржан, тілші:
- Денелерін крематорийде өртеп, күлін бір шұңқырға төккен. Осы небәрі 2 шаршы метр жер 5 мыңнан астам адамдардың ортақ қабіріне айналды. Осындай жазықсыз жазаланғандардың бауырлас бейіттері Мәскеу қаласының бірнеше жерінде табылған. Үлкен террор кезінде жаппай жазалау орнына айналған Бутово полигонында жиырма бір мыңнан астам құрбандардың ортақ қабірі бар. Оның Ішінде Алаш қайраткері Жаханша Досмухамедов мәйіті жерленген.
Ал Коммунарка полигонында 7 мыңға жуық адам көмілген. Мұнда Тұрар Рысқұлов, Назир Төреқұлов, Сұлтанбек Қожановтың денесі жатыр. Жалпы 1921 жылдан бастап 1954 жылға дейін Қазақстанда 100 мың адам сотталды. Олардың әрбір төртіншісі ату жазасына кесілді.
Татьяна Полянская, ГУЛАГ тарихы мемлекеттік музейінің ғылыми қызметкері:
- Террор 1937 жылдың тамызынан бастап, жалпы халықты қамтыған кезден бастап кеңейе түсті. Үлкен террор кезінде 1,5 млн адам тұтқынға алынған, оның ішінде 7 жүз мыңнан астамы атылған. Бұл қатарда Алаш қайраткерлері бар. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновты Алматыда НКВД үштігі өлім жазасына кесті.
Ғұмырларын ел мен ұлт мүддесі жолындағы күреске арнаған Алаш арыстары Қазақ мемлекетінің республика ретінде құрылуына, қазақ ғылымының қалыптасуына, әдебиетінің, ұлттық мұрасының насихатталуына тікелей бастамашы болған. Сол үшін халық жауы аталып, жан пида болды.
Жібек Сыздықова, ММУ Орта Азия және Кавказ кафедрасының меңгерушісі:
- Олар өз халқын, мемлекетін, туған жерін сақтап қалу үшін барын салды. Өздерінің ғылыми еңбектерімен қазақтың ұлттық бірегейлігін қалыптастырды. Сондықтан да олар фольклор, этнография, тарих, тіл, мәдениет, әдебиет саласындағы мәселелермен айналысты. Бұл бүгінгі қиын заманда қазақ халқына және бүкіл қазақстандықтарға бірегейлігімізді сақтап қалуға негіз бола алады.
Тарихи әділеттілік тұрғысынан Алаш арыстарының еңбектері әлі де ашылмаған сырға толы. Тарихшылар Ресей мұрағаттарындағы әлі жарияланбаған құжаттарды іздеп, зертеуді жалғастыруды көздейді. Алайда шындыққа жетелейтін жолдың азабы да жоқ емес.
Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров.