СҚО-да 3,5 мыңға жуық түлек мектеп бітірді
Кезекті оқу жылының аяқталуына байланысты салтанатты жиын өңірдегі барлық мектепте өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Оған балалар, ұстаздар қауымы және ата-аналар қатысты. Шара барысында облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері де марапатталды. Ал білім ұяларынан қанат қаққан жандар ұстаздарына алғыз сөздерін айтып, қимас сезімдерін жеткізді.
Айта кету керек, арманы асқақ түлектердің 71% аймақта ҰБТ-ға өтініш берген.
Арайлым Мұқаш, түлек:
- Осы мектепті бітіргеніміз үшін қимастық сезім толып тұр. Сыныптастарымды, әрине, сағынамын. Қазіргі сәттен бастап қобалжып, жылағым келіп тұр. Ұстаздарға менің алғысым шексіз. Бізді бала кезімізден бастап оқытып, ұшан теңіз біліммен тәрбие беріп, бүгінгі күнге жеткізгені үшін алғысым шексіз.
Алмагүл Оспанова, облыстық Білім басқармасының бас маманы:
- Облысымызда 465 метепте 74573 оқушы оқу жлын аяқтап отыр. 11-сынып оқушыларының саны бізде – 3445. Олардың 200-і «Үздік аттестатқа», 109-ы «Алтын белгіге» үміткер болып отыр. Бұл оқушылар енді мемлекеттік емтихандарын тапсырып, осы құжаттарына ие болады. Сонымен қатар 19 мамырдан бастап 5 шілдеге дейін ҰБТ-ны тапсырып жатыр. Ең жақсы көрсеткіші бойынша жоғару оқу орындарына грантқа ие болуға үміткер болып, конкурсқа қатысады.