«Жұлдызай» фестивалінің гран-при иегері анықталды

«Жұлдызай» балалар шығармашылығының 18-ші фестивалі аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін Астанада гала-концерт өтіп, гран-при иегері анықталды.

«Жұлдызай» – ерекше балаларға арналған фестиваль. Жыл сайын өтіп тұрады. Биылғы байқау наурызда басталған. Сөйтіп, іріктеуден республикалық кезеңге 550 өтініш қабылданды. Балалар фестивалі 4 аталым бойынша өтті. Бұл – вокал, хореография, аспапта ойнау және әнді ым-ишаратпен орындау. Міне, осы республикалық сыннан сүрінбей өтіп, бірінші, екінші және үшінші орын алған 200 лауреат балаларды қорғау күнінде Астанадағы гала-концертке арнайы шақырылды.

«Хабар» арнасынан 1,5 сағат бойы тікелей эфирде көрсетілген байқау соңында халықтың дауыс беруімен гран-при иегері анықталды.

Әсемгүл Мырзамбет, «Жұлдызай» қайырымдылық қорының ақпарат менеджері:

- Жігерленіп, сахнаға шығып, үлкен эстрада әншілерімен бірдей пара-пар әнін айтып шықты. Бәріңіз куә болдыңыздар. Жаңа айтып жатыр, біздің жеңімпаз – Атырау облысының Ақерке деген қызы. Домбырамен сүйемелдеген әнді айтты. Дауысы керемет. Ол қыз «Бүгін өз-өзіме деген сенім пайда болды, енді мен Қазақстан дауысына қатысамын» деп жатыр. Бұл біз үшін – үлкен жетістік. Біздің мақсатымыз – сол. Балалардың жұлдызын жағу.