Көкшетауда ауыз су мәселесі қашан шешіледі?

Көкшетауда күннен-күнге ауыз су сапасы нашарлап барады.

Тұрғындар осылай деп дабыл қағуда. Олар тіршілік нәрін дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Жарты ғасыр бұрын салынған қос су тазарту станциясы әбден ескірген. Ал жаңа станцияның құрылысы 2009 жылдан бері аяқталмаған. Түйткілді мәселе қашан шешіледі? 

Көкшетаулықтар үшін сапалы ауыз су арманға айналған. «Дәмі кермек татыған қазіргі тіршілік нәрін тұтыну түгілі, тамаққа қосуға дәтіміз бармайды», - дейді тұрғындар.

- Кранның суымен ыдыс жуамыз, сосын тамақ пісіреміз. Одан нитраттардың иісі шығады. Сосын лас. Ішуге асқазан ауырады.
- Живой деген су бар ғой, содан сатып алып ішеміз. Кейде краннан алып, үйде сүзгіш бар арнайы содан тазалап ішеміз.

Жалпы қалаға тіршілік нәрі екі су қоймасынан келеді. Бірінің суы мүлдем тазартылмайды. Салдарынан тұрғындар тұтынатын ауыз су талапқа сай емес.

Қанат Ысқақов, қалалық бас санитар дәрігер: 
- Жылдың басынан біз мониторинг жүргіздік. Соның ішінде 125 сынама алдық. Оның 70 пайызы судың лайықтылығы мен түсі сәйкес келген жоқ.

Абзал Азаматұлы, тілші: 
- Көкшетаудағы бұл су қоймасының іргетасы сонау 1970 жылдары қаланған. 70 мың тұрғынға шақталып салынған станцияның бүгінде әбден тозығы жетіп, қондырғылары да ескірген. Оның үстіне қуаттылығы да жетпейді. Себебі қазір қала тұрғындарының саны 180 мыңға жеткен.

Ал жаңа су тазарту станциясының жобасы 2009 жылдан бері қаралып, тек биыл мақұлданды. Жоба құны 7 млрд теңге. Нысан тәулігіне 30 мың текше метр суды тазартады.

Бауыржан Ғайса, қала әкімі: 
- Мердігерлер жұмысқа кірісіп кетті. Олар барлық қажетті құрылыс материал мен импорттық қондырғыны 10 айдың ішінде әкелуді көздеп отыр. Нысан келер жылдың соңында пайдалануға беріледі.

Бір қызығы, сапасы сын көтермейтін су бағасы жыл басында 14 теңгеге қымбаттаған. Яғни осыған дейін тіршілік нәрінің бір текше метрі 83 теңге болса, қазір 100 теңгеге жетті. Онсыз да таза суды сырттан сатып алатын жұрт ішуге жарамсыз кермек су үшін неге ақша шығындаймыз деп қынжылады.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный