Жетісу облысында 2 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды

Жыл басынан бері Жетісу облысының мемлекеттік мекемелері кәсіпкерлік нысандарын 29 рет заңсыз тексермек болған.

Енді мұндай жағдай қайталанса, кәсіпкерлер прокуратураға «Jetisu-mob-group.kz» сайты арқылы да шағымдана алады. Арыздар бірден мобильді топқа түсіп, тиісті шаралар қабылданады немесе түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Биыл құзырлы орган өкілдерінің араласуымен өңірдегі екі мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалған. «Бизнесті бірге қолдайық» форумында кәсіпкерлік палатасымен прокуратура арасындағы ортақ меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес қос тарап туындаған түйіткілді мәселелерді бірлесіп шешпек. Алқалы жиында да кәсіпкерлердің өзекті проблемалары талқыланды. Әсіресе Балқаш көліне дейінгі жол мәселесі ерекше аталды.

Роман Мартыненко, кәсіпкер: 
- Жолды жөндеп жасап жатқан ешкім жоқ. Бір аптадан соң шомылу маусымы басталады. Адамдар көп жүреді. Сол кезде жолаушыларға және шағын және орта бизнес өкілдеріне қиын болайын деп тұр.

Айдын Әкімханов, Облыстық прокуратураның басқарма бастығы: 
- Кәсіпкерлердің құқықтарының бұзылуы көбіне кіріс департаменті және жер мәселесі бойынша ауыл шаруашылығы бойынша болып жатыр. Ол бойынша біз көптеген шара қолданып жатырмыз. 25 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.