Мәжіліс депутаттары бүлдіршіндерді «Шоколандия» көрмесіне апарды

Халықаралық балаларды қорғау мерекесіне орай, Мәжіліс депутаттары бүлдіршіндерді «Шоколандия» көрмесіне апарды.

Балаларға қолдау көрсету орталығының тәрбиеленушілері шеберлік сабағына қатысып, шоколадты дайындау технологиясымен танысты. Тіл үйірер тағамның тарихын біліп, какаоның қалай өсетінін көрді. Әр түрлі тәттіден дәм татып, дегустация жасады. Шоколад рояльға отырып, аспапта ойнады. Айта кеткен жөн, көрмеге қойылған экспонаттардың жалпы салмағы 500 келіден асады. Шара соңында балалар 3D шоколад мүсіндерді жаны қалаған түске бояды.

Нұргүл Тау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Respublica партиясының тарапынан ұйымдастырылып жатыр. Өте қуаныштымын. Кеше мектептерде балаларды құттықтадық. Бұл енді балалардың ең тәтті, ең сүйіп жейтін заты болғандықтан, бұл жерде өте қызықты болады. Баланың күлкісі әрқашан кетпесін деп тілеймін. Өйткені сәбилеріміздің сыңғырлаған күлкісінен артық ештеңе жоқ қой.