Ақтаулық зейнеткер балалар үшін үйдің дәлізін безендірді
Ақтаулық зейнеткер Нұраддин Хуснадинов өзі тұратын көпқабатты үйдің дәлізін безендіріп, балалар ойнайтын алаңға айналдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».
71 жастағы шебер бастапқыда подьезд ішін сырлап, тазалап шыққан. Кейін ойыншықтарды қойып, әткеншек орнатады. Қабырғаларға картиналар іліп, тіптен ас үстелін де қояды. Қазір дәліз үй тұрғындары жиналатын сүйікті орынға айналған.
12-шағын аудан 32-үйдің бесінші қабатында танымал мультфильмдегі ән ойнап тұр. Алғаш көргенде пәтерге кіргендей сезімде боласыз. Зейнеткер еденге кілем төсеп, дәлізге жұмсақ жиһаз қойған. Нұраддин Хуснадинов бұл шаруаны пандемия кезінде ермек үшін бастаған екен. Сол уақытта немерелерін сыртқа шығармай, осы жерде ойнатқан. Балалардың қауіпсіздігі үшін бейнекамера орнатқан.
Нұраддин Хуснадинов, зейнеткер:
- Балалар шықпайды мына жерден, көбі осында келеді. Өзіңе бір жағынан жақсы ғой. Таза, демаласың. Шығып, отыруға болады. Теледидардан көрсетті, 5-шағын аудан 22-үйдің 5-қабатында шал бар дейді. Сол кафель әкеліп, ілген. Сосын мен де ойландым, жасап көрейін деп. Әкелген заттың бәрін іліп қоям, бәріне ұнайды. Картинадан бастадым.
Зейнеткер дәлізді үй ішіне ұқсатып безендіруге 2 жылдан аса тер төккен. Мұндағы тұрмыстық бұйымдарды жақындары мен көршілері әкеліп берген . Дәліз бойы 30-ға жуық картинаны тамашалауға болады. Бұрыштарға құмырада өскен гүлдер қойылған. Олардың күтімімен Нұраддин атайдың жұбайы Гаухар Хуснадинова айналысады. Аға буынның қажырлы еңбегін тұрғындар жоғары бағалап, үлгі тұтады.
Ғазиз Ағатаев, қала тұрғыны:
- Шағын балабақша десек те болады. Осы жердегі ағамыз бен жеңгеміздің еңбегі – бұл. Осы жердегі подьезд тұрғындарының ауызбіршілігін білдіреді. Басқа тұрғындарымыз осыдан үлгі алса дейміз. Үйдің жағдайын жақсарту осы тұрғындардың өздеріне байланысты екені көрініп тұр осы жерде.
Көпқабатты үй тұрғындары құр қызығып қана қоймай, зейнеткердің сауапты ісін қайталауға көшкен. Қазір 3-ші және 9-қабатта тұратын бірнеше отбасы бірігіп, ортақ дәлізді безендіруді бастап та кеткен.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.