Өзбекстаннан келген қандастар елордада кәсіп ашқан
Қазақстанға қоныс аударып келген қандастарымыз өз кәсібін өрге домалатып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәселен, Өзбекстаннан көшіп келген ағайынды Тұрғаналиевтар елордада өз дәмханаларын ашып, қалалықтарға өз тағамдарын ұсынып жатыр. Енді алдағы жоспарлары – бизнесін кеңейтіп, армандаған баспанаға қол жеткізу. Кейін Өзбекстанда қалған отбасыларын атамекенге көшіріп алып келмек ойда екен.
Қуырылған балық, тауық еті және түрлі фаст фудтар. Бұл – кәсіпкер Бекжан Тұрғаналиевтің жеке франшизасы. 3 жыл бұрын ашылған бизнестің тасы өрге домалап жатыр. Қазір елорда бойынша 4 нүктесі бар екен. 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Франшизаны еліміздің бірқатар өңіріне де сатып үлгерген екен.
Бекжан Тұрғаналиев, кәсіпкер:
- Карантин кезінде жұмыссыз қалып кеттім. Сосын Жаннұр жақты қуырылған балық сатылатын еді. Сол жаққа барған кезде чикен шыққан екен. Қарадым. Істей аламын. Қолымнан келеді. Шамамен 1 айдың ішінде шығардым ғой бәрін.
Бекжан – 2013 жылы Қазақстанға Өзбекстаннан келген қандасымыз. Былтыр еліміздің азаматтығын алған. Енді қазір Асадбек есімді бауырына аспаздықтың қыр-сырын үйретіп, оған да бір жеке бизнес ашып беруді жоспарлап отыр. Қазақстанда тұруға ықтиярхатпен жүрген қандасымыз еліміздің азаматтығын алуға да тиісті құжаттарын тапсырыған. Оның үстіне кәсіп ашуға грант ұтып алуға өтініш берген екен.
Асадбек Тұрғаналиев:
- 1 млн 380 мың теңгелік бизнес-жоспарға қатысып жатырмын. Біріншісінде қатысып едім. Ұта алмадым. Тағы болады дейді. Соған қатысып, әрекет жасаймын. 74 сағаттық оқу болды. Оқып, сол бизнес-жоспарды алдым. Сосын бизнес-жоспарды тапсырдым. Кемшіліктерімді айтты. Соларды жою бойынша әрекет жасап жатырмын.
Ағайынды Тұрғаналиевтардың алдағы жоспарлары ауқымды. Бизнесін дамытып, баспана алмақ ойда. Кейін Өзбекстанда қалған отбасын Қазақстанда көшіруді мақсат етіп отыр.
Авторлары: Риат Шони, Наурызбай Құрманғазы.