Таразда жыл басынан бері 700 тұрғынды ит қапқан
Оның 250-ге жуығы кәмелет жасына толмаған бала.
Мәселені ушықтырмау үшін ветеринариялық станция қызметкерлері 5 мыңнан аса бұралқы итті аулаған. Бірақ қалада жануарларды уақытша ұстауға арналған арнайы орын жетіспейді.
Жанна Мамашева 10 жылдан бері жануарларды қорғаумен айналысады. Белсендінің айтуынша ветеринарлық басқарма қазір қаңғыған иттердің көзін жоюды ғана біледі. «Заңында, алдымен уақытша ұстау орнына апарып, екпе егу керек. Сосын 20 күн күтеді. Індеті бар екені анықталса немесе иесі табылмаса ғана көзі жойылуы тиіс», - дейді.
Жанна Мамашева, жануарларды қорғау альянсының мүшесі:
- Ветеринария басқармасы иттерді 10 жылдан астам уақыт өлтіріп келе жатыр. Ал мәселе шешілмейді. Тек ақша кетіп жатыр. Демек басқа жолдарын қарастыру керек. Даладағы иттерді стирилизация мен кастрация жасау керек біріншіден көбеймес үшін. Екіншіден агресивті болмайды.
Жануарларды қорғау жөніндегі заң жобасында олқылықтың бар екені Мәжілісте де айтылды. Яғни «заңнамаға өзгеріс енгіз керек», - дейді депутаттар. Ал эпидемиологтардың мәліметінше 2022 жылы қалада 1 800 тұрғынды ит қапса, биылғы 4 айда олардың саны 700 ге жеткен. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстарға республика бойынша бюджеттен 2,6 миллиард теңге бөлінді.
Нартай Аралбайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Үкімет заңды сапалы іске асырып, оның ішінде заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмысын күшейтетін болады деді. Заңға өзгерістер енгізу керек екенін біз минимтрлікпен біріккен отырысымызда айттық. Қазір парламентария институтымен бірге мұны жасақтайтын боламыз. Жөндеуге тырысатын боламыз. Бірақ жабайы жануарлардың барлығын қырып салсын деп отырғанымыз жоқ. Бірақ оралға жауапкершілікпен қараймыз дедік па, демек тиісті панажай салу керек, вакцинация салу керек.
Ал аймақтағы ветеринария қызметкерлері «аз құраммен жұмыс істеуге мәжбүрміз», - дейді. Мәселен Тараздағы станцияда ит аулаумен 4-ақ қызметкер айналысады. Екі бригада жыл басынан бері 5 600 итті аулаған.
Сәкен Нұржаубаев, Тараз қалалық ветеринариялық станциясының директоры:
- 109 қызметінен жыл басынан бастап 2 200 өтініш келіп түсті. Одан да басқа өтініштен түседі және мекемелерден жазбаша хаттар түседі. Бұл 109-бен түскен өтініштердің көбісі өлекселер, үйде агрессивный және шабуыл болса 1 күндік срокпен беріледі. Қаңғыбас иттерге 3 күн уақыт беріледі біздерге.
Мамандар иттің үйірімен шапқаны немесе бұралқының адам қапқаны туралы ақпарат алса, бірден көзін жояды. Себебі заңнамаға сай қалада қаңғыбас итті апаратын арнайы орын жоқ. Қала әкімдігі 60 орынға арналған жалғыз ғимаратты жалға алып отыр. Оның өзінде қазір 140 бұралқы бар. Сондықтан заңнамаға қарамастан ұсталған 4 мың ит бірден залалсыздандырылып, биотермиялық шұңқырға тасталған.
Қайрат Исмайл, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Қосымша қазір қалалық бюджеттен 19 миллион теңге бөлінген. Уақытша ұстау орны 50 итке арналған. Енді уақытша ұстау орны мұндайды біз қаланың 4 бұрышынан саламыз деп жоспарлағанбыз. Бұны салып тиімділігін тағы да зерттеп көреміз. Соған байланысты ары қарай тиісті шаралар қабылдаймыз.
Қомақты қаржы бөліп, ит аулаушы қызметкерлер санын арттырмай мәселе шешілмек емес. Жергілікті билік әзірге жауаптыларға көмек ретінде арнайы торлар жасатқан. Темір қақпандар 11 округтегі мектеп маңдарына қойылды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә