СҚО-да 180 тонна улы химикат төгілді

Төтенше жағдай Шал ақын ауданы, Афанасьевка ауылы маңында мамыр айының соңында болған.

Бірақ бұл туралы бейнежазба әлеуметтік желіге енді ғана тарады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, серіктестік басшысы апат салдарын жасыру үшін жұмысшыларын жұмсаған. Құрамында аммиак бар химиялық заттан ағаштар мен шөп сарғайып, мал өлімі де тіркелген. Әзірге оқиға орнында полиция қызметкерлері болып, іс қағаздар жинады. Ал экологтар жоспардан тыс тексеріс тағайындады. Оған санитар мамандар, жер инспекциясы секілді құзырлы органдар да қатысады. 

 Азамат Бектасов, Экология департаментінің басшысы:
- Төгілген зат «Каз - 32» осы минералды тыңайытқыштар болып табылады. Оның ішінде аммиак деген зат бар екені белгілі. Енді бұл таңда біздің өз құзыретімізде мемлекеттік экологиялық сараптама өтті ме, өткен жоқ па сол мән–жайын қараймыз. Біздің департаментімізде осы минералды тыңайтқыштарды зерттеу бойынша аккредитация жоқ. Бұған қатысты басқа мамандарды қосу керек.