«Ембімұнайгаз» компаниясының мұнайшылары тал екті
Ембілік мұнайшылар жасыл желек отырғызуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында компания мен жергілікті билік меморандумға қол қойған еді. Табиғат жанашырлары мен қоғам белсенділері «Ембімұнайгаз» компаниясының көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Кейін компания басшыларымен бірге көшет егіп, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Тек биылдың өзінде кәсіпорын әкімдік бөліп берген алқапқа 7 мыңнан астам тал еккен.
«Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы еккен 10 гектардан астам алқапта терек, шырша, қайың, қарағай, балқарағай, сексеуіл сынды 9 мыңға жуық тал-терек түрлері тым жақсы көтерілген. Өткен күзде отырығызылған өскіндердің өзі тамыр жайып, жайқалып өсе бастаған.
Cәбит Арынов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры:
- Қоршаған ортаны сақтау, табиғи ресурстарын тиімді пайдалану, ластанған жерді тазарту, аймақтарды көгалдандыру жұмыстары бюджетімізден салмақты қаражат бөлінеді. Жасыл белдеу жұмыстары болашақта жүргізіледі. Алда көздеп отырған 35 гектар жеріміз бар. Сол жерге шамамен 25-30 мың ағаш отырғызылатын болады.
Облыс әкімдігі мұнай компаниясына көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін Талқайран ауылынан 232 га жер телімін бөлген болатын. Мамандар арнайы зерттеулер жүргізіп, учаскенің 30%-іне, яғни 71,3 гектар жеріне көшет егуге болады деген шешімге келген. Табиғат жанашырлары жасыл алқапты аралап «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының жұмысына оң баға берді.
Арман Хайруллин, «Атамекен-ЭКО» ҚБ құрылтайшысы:
- Жақсы өсім бар. Агротехнологиялық кезеңдер сақталған. Енді алға қарай олардың өсіп жетілуі үшін суды пайдалануда, үнемдеуде және дендрологиялық құрамды жаңартуда өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Ұсыныстар жүзеге асып, жұмыстар жүйелі жасалатын болса үміттер ақталады деп есептейміз.
Компания келісімге сәйкес өздеріне бектілген орман алқабын 3 жыл бойы күтіп-баптайтын болады. Ал болашақта кен алаңдары орналасқан аудандарда да «жасыл белдеу» жасақтауды жоспарлап отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев.