«АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлері «Алтын Гефест» байқауында үздіктер қатарына кірді

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы үздіктердің қатарында, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын «Astana Mining & Metallurgy Congress» аясында өтетін «Алтын Гефест» ұлттық байқауында кәсіпорын қызметкерлері де жеңімпаздар қатарынан көрінді. Жалпы бұл конкурс тау-кен металлургия саласының еңбеккерлері үшін ең беделді шара болып есептеледі.

Бұл – еліміздің тау-кен саласындағы «Алтын Гефест» ұлттық байқауы. Биыл да беделді конкурста «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлері жоғары марапатқа ие болды. Атап айтқанда, сала жайлы үздік журналистік жұмыс деп компанияның корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры Татьяна Ромашованың мақаласы танылған екен. Ол кәсіпорын жұмысшысы Вячеслав Дехтярдың қызметі жайлы жазып, байқауда жеңіске жетті.

Татьяна Ромашова, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ корпоративтік коммуникациялар жөніндегі директоры:

- Мен осы байқауда жеңіске жетуіме себепкер болған цехымыздың болат құюшысы Вячеслав Дехтярға ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Ол маған өзінің өмірі жайлы айтып берді. Соны тек қағазға түсіріп, ауқымды мақала қылып жарияладым. Сондықтан бұл сыйлық екеуміздің ортақ жеңісіміз деп білемін.

Ал «Жыл шахтері» номинациясында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жұмысшысы Евгений Башкиров үздік деп танылды. Маманның еңбек өтілі – 32 жыл. Бүгінде Евгений Башкиров – І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Шахтер даңқы» төсбелгісінің иегері. Енді бұл марапаттардың қатарын «Алтын Гефест» толықтырды.

Евгений Башкиров, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті шахтасының жұмысшысы:

- Шынымды айтсам, күтпеген жағдай болды. Осындай мараптқа лайықты деп танығандары үшін барлығына алғысымды айтамын. 32 жыл бір шахтада, бір учаскеде жұмыс жасап келем. Өзіме ұнайды. Біздің басты міндетіміз – елге көп көлемде көмір беру.

Жалпы биыл тау-кен саласындағы «Алтын Гефест» ұлттық байқауында жеңімпаздар 15 аталым бойынша анықталды. Бұдан бөлек, саланың үздік өкілдеріне де ведомстволық марапаттар табысталды.

Авторы: Риат Шони.